$ 492.14  528.85  5.01
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.09.2024, 14:25
Спорт

Көкпар: қазақ спортшысы қырғыз көкпаршысын қамшымен бір салды (ВИДЕО)

Бүгін екі ел көкпаршылары финалда күш сынасқан еді

Көкпар: қазақ спортшысы қырғыз көкпаршысын қамшымен бір салды (ВИДЕО)
видеодан скриншот

Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан құрамасының оныншы нөмірлі ойыншысы Қырғызстан құрамасының нөмірі екінші ойыншысын қамшымен бір салды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оқиға есеп 1:3 болған кезде, яғни, қырғыз спортшылары алда келе жатқанда болды. Әзірге, спорттағы конфликтіге не себеп болғаны белгісіз. Дегенмен, төрешілер өре түрегелген жанкүйерлер мен көкпар алаңында төбелесіп қала жаздаған спортшыларды ажыратып алды.

Айта кетейік, бүгін казақ көкпаршылары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанған болатын.

Ойын есебін Қазақстан құрамасы ашып, алғашқы салым салды. Бірақ қырғыз көкпаршылары одан кейін есепті 3:1-ге жеткізді. Бірінші тайм аяқталғанда Қырғызстан құрамасы алда болды. Екінші кезең басталғанда Қазақстан құрамасы қатарынан 2 салым салып, есепті теңестірді.

Кезеңнің аяқталуына 8 минут қалғанда есеп 4:3 болып, Қазақстан алға суырылып шықты. Оны салған - Абылайхан Нышанбеков. Жарыс осылай аяқталады деген үміт басым болды. Алайда соңғы минутта қырғыз спортшылары есепті теңестіріп үлгерді. Екінші кезең тең ойынмен, яғни 4:4 есебімен аяқталды.

Жарыс тағдыры қосымша берілген 10 минутта шешілді. Команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек салым салып, 5:4 есеппен қазақ көкпаршылары жеңімпаз атанды.  

Айта кетейік, Ресей көкпаршылары Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қола жүлдегері атанды. Үшінші орынға таласта ресейлік шабандоздар Түркияны 8:2 есебімен жеңді.

Ақтық сынға шығар алдында Қазақстан құрамасы АҚШ командасын жеңген болатын. Қорытынды есеп: 12:4. Ал Қырғызстан көкпаршылары Түркияның құрама командасын 15:1 есебімен жеңген еді.

Айта кетерлігі, жарыс Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясының ережесі бойынша өтеді. Сайыс 20 минутқа созылатын екі кезеңнен тұрады. Кезең арасында 10 минуттық үзіліс болады. Үзілістен кейін командалар мәре сызығын ауыстырады. Серкенің орнына салмағы 30-33 келіден аспайтын нақпішіні тартылады.

Еске салсақ, көкпарға 9 мемлекет - Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия мен Түркия командалары келді. 

Серіктес жаңалықтары