$ 494.95  525.49  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.08.2024, 13:24
Спорт

Тағы 10 күн үнсіз жүрсек, Париждің кебін киеміз – спорт журналисі өзекті мәселе көтерді

Аслан Қаженов қазір Қазақстанның спортқа жауапты шенеуніктері негізгі мәселеге назар аударып жатқан жоқ дейді

Тағы 10 күн үнсіз жүрсек, Париждің кебін киеміз – спорт журналисі өзекті мәселе көтерді
Фото: ҰОК

Спорт журналисі Аслан Қаженов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында Париж Олимпиадасынан бері 10 күн өтсе де Қазақстан құрамасының нашар көрсеткіші үшін тиісті шаралар қабылданбай жатқанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаженовтің айтуынша, қазір әкімдер мен федерациялар спортшыларға сый-құрмет көрсетумен ғана шектеліп жатыр. Бірақ, спорт сарапшысы атап өткендей, біз алдағы 10 күн ішінде негізгі проблемаға назар аудармасақ, Париждегі жағдай төрт жылдан кейінгі Лос-Анджелес олимпиадасында қайталанады.

«Париж олимпиадасының аяқталғанына 10 күнге жуықтады. Тек қана таэквондо федерациясының басшылығы ғана түгел отставкаға кетті. Бұған қоса, бокста Мырзағали Айтжановты құрбандыққа шалдық. Басқа бағыттар бойынша не істейміз? Не істелуі керек? Париждегі ойындардан кейін қандай қорытынды жасалды және енді қай бағытта қозғаламыз? Неге федерация басшылары ашық есеп бермейді? Мемлекеттен бөлінген миллиарттаған қаржы қайда жұмсалды? Не ол өз-өзін ақтамады? Неге тиісті нәтиже болмады? Легионерлерді не істейміз? 184 спорт түрін не қыламыз? Әзірге бұл сұрақтардың жауабы жоқ», - деп жазды Аслан Қаженов.

Оның айтуынша, қыркүйекте Көшпенділер ойыны басталады, кейін де әртүрлі жарыстар ел назарын басқа жаққа аударып әкетеді де негізгі проблемалар сол күйінде қордаланып қала береді.

«Егер біз тағы 10 күн үнсіз жүрсек, ары қарай ештеңе өзгермейді. Бәрі сол күйінде қалады деген сөз. Өйткені, қыркүйекте Көшпенділер ойындары басталады. Одан кейін футболдан ұлттар лигасы, футзалдан әлем чемпионаты деп кетеміз. Темірді қызған кезінде соғу қажет. Егер шұғыл шаралар қолға алынбаса, Токиодағы және Париждегі жағдай Лос-Анджелесте де қайталанады. Мен оған сенімдімін. Сол кезде ғана санымызы соғып, бармағымызды шайнап отырамыз. Оның алдын алу үшін қазірден әрекет етуіміз керек», - деп жазды ол.

Серіктес жаңалықтары