Дүбірлі додада ел қоржынына Олимпиаданың алтыны да, күмісі де, қоласы да түсті - Маржықпаев
АҚШ-та өтетін Олимпиадада бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз, деді министр
XXXIII жазғы Олимпия ойындары аяқталды. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 43-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Екі аптадан аса уақытқа жалғасқан Париж Олимпиадасы мәресіне жетті. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додада ел қоржынына Олимпиаданың алтыны да, күмісі де, қоласы да түсті. Осындай ауқымды спорттық іс-шарада жүлде алып, жанкүйерлерді қуанышқа бөлеген барлық спортшыны табысты нәтижесімен құттықтаймын. Әрине, спортшыларымыздың бұдан да тәуір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі болды. Дегенмен, Токио Олимпиадасындағы нәтижеден сабақ алып, Парижде жетістігімізді жақсарта алдық. Төрт жылдан кейін АҚШ-та өтетін келесі Олимпиадада бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген сенімдемін», - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасының 78 атлеті 25 спорт түрінен сынға түсті. Соның ішінде 54-і алғаш рет Олимпиадаға қатысты. Сонымен қатар Париждегі дүбірлі додада жалпы 91 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені дзюдодан 60 кг дейінгі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов салды. Гимнаст Нариман Құрбанов, палуан Демеу Жадыраев (77 кг) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) Олимпиаданың күміс жүлдесін олжалады.
Ал Ислам Сәтпаев пен Александр Ле (нысана көздеуден аралас жұптық сын), дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) және боксшы Назым Қызайбай (50 кг) Париж Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Айта кетейік, келесі жазғы Олимпия ойындары 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді.