Қанат Ислам Парижде жүрген қазақ боксшыларының басты қателіктерін атады

Аягөз Құрмаш

Ол елімізде спортшылар бапкердің қас-қабағына қарап отырады дейді

Қанат Ислам Парижде жүрген қазақ боксшыларының басты қателіктерін атады
Фото: видеодан скриншот

Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Париж Олимпиадасындағы қазақ боксшылары неге бірінен соң бірі жеңіліп жатыр деген сұраққа жауап іздеп көрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

«Париж Олимпиадасындағы қазақстандық боксшылардың жеңілуіне қатысты менен пікір сұрап жатқандар көп. Маман ретінде команданы басқарып отырған жаттықтырушыларды сыйлаймын. Білікті маман деп есептеймін. Бірақ, кәсіпқой боксшы ретінде айтарым, қазір әуесқой бокстың істеп жатқаны – заман талабына сай емес. Мен 12 жыл Америкада жаттықтым. Бұрын сол жаттығуды дұрыс деп ойласам, қазір қате деймін. Барлық облыс жаттықтырушысының бір бас бапкердің қас-қабағына қарап отыруы -  жолдан тайдырады. Қарасаң, істейтін де, істемейтін де жаттығуды жасайды. Жігіттер шаршаңқы», - дейді Қанат Ислам.

Оның айтуынша, спорт бұрынғыдай емес қазір.

«Қазір спорт өзгеріп жатыр. Адамзат шектіден шексіздікке ұмтылып жатыр. Спортта да солай шексіз жеңіске жету керек. Жігіттер қажыған. Өзіңді емес, жаттықтырушыны ойлап кетесің. Мекиска, АҚШ-та жігіттер көлік сияқты, шаршамайды. Олардың жаттығулары мен тамақтануы тәртіпке сай. Ондаған мың адам отыратын залға шығуға да дайындық керек. Осындай мамандарға 3 мың доллардан 10 мың долларға дейін төледім», - дейді ол.

Спортшы атағандай, отандық спортшыларға ақыл-кеңесін айтып, көмектесуге дайын екенін жеткізді.

«Біздің боксшыларға ізденіңдер деп айтқым келеді. Жаттықтырушының қас-қабағына қарамай, ізденісте болыңдар, шетелге шығыңдар. Мүмкіндік болса, шетелден жаттықтырушылар әкеліп, солармен неге жұмыс істемеске? Егер мені қазақ спортына шақыратын болса, жігіттерге көмектесуге дайынмын», — деді Қанат Ислам.

Еске салсақ, Париж олимпиадасында Нұрбек Оразбай финалға шыққан жалғыз боксшы атанды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.