Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың 16 жыл бұрынғы боксы қазақстандықтарды тәнті етті (ВИДЕО)

Автор: Аубакирова Нургуль

Әзірге қазақ боксшыларына Париж Олимпиадасының медалі бұйырмай тұр

Фото: скриншот

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың кубалық боксшыға қарсы тартысты жекпе-жегі көпшілікті сүйсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде Бақыт Сәрсекбаевтың осыдан он алты жыл бұрынғы жеңісті жекпе-жегінің видеосы тарады. Сол жолы Қазақстаннан жалғыз боксшы ғана финалға өтіп, ел қоржынына алтын салған еді. Отандасымыз кубалық Карлос Банто Суареспен қолғап түйістіріп, Бейжің төрінде Қазақстанның туын желбіретті.

Ал осы күндері Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиадада үміт күткен қазақ боксшылары бірінен соң бірі жеңіліп жатыр.

Күні кеше Бақыт Сәрсекбаевтың өзі Париж Олимпиадасында бақ сынап жатқан боксшы жігіттердің дайындығын сынға алған болатын. Оның айтуынша, біздің жігіттердің физикасы өте нашар. Рингте әрең жүр, соққылары аз.

«Не істеп жүрсіңдер шұбырып бәрің? Бірінші жекпе-жектен өте алмады деген не сұмдық???» , - деп жазды Сәрсекбаев.

Естеріңізде болса, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында бокстан Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет алтынсыз қалған еді. Қазақ боксшылары қола медальді қанағат тұтты.

Ал жалпы биылғы жазғы Олимпиада ойындары Қазақстан үшін табысты басталды деуге болады. Жарыстың алғашқы күндері дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанып, қазақстандықтарды бір қуантты. Дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев қола медаль жеңіп алды. Нысана көздеушілер де Олимпиада қоласын иеленді.