Жалақы төңірегіндегі дау: Головкин басқаратын Ұлттық олимпиада комитеті танымал журналисті сотқа бермек
Ал журналист Геннадий Головкинді сұхбатқа шақырды

Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев пен журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің жалақысы туралы әңгімесі әлеуметтік желіде шуға айналды. ҰОК Жылқышыбайды жалған ақпарат таратты деген желеумен сотқа бермекші, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұрсейіт Жылқышыбай «Уақыт көрсетеді» атты бағдарламасында Бақтияр Артаевтан «Бүгінгі таңда Головкин 20 млн теңгеден астам айлық алады дегені рас па?» деп сұрайды.
«Нақты білмеймін. Бірақ осы әңгімені естуім бар. 20 млн деді, 25 млн деді ме. Сондай айлық алады дегенді естуім бар», - деп жауап береді Бақтияр Артаев.
Сұхбаттың осы үзіндісі әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызып, шуға айналды. Ұлттық олимпиада комитеті «Головкин 25 млн теңге жалақы алады» деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, жалған ақпарат таратқандармен сот арқылы сөйлесетінін айтты. Бұл үшін комитет білікті заңгерлерді жалдап жатқан көрінеді.
«Геннадий Головкиннің қызметіне ақы төленбейді. Ал мотивациясы ақшамен де, саяси мансаппен де байланысты емес. Ең алдымен оның жұмысы Қазақстан спортына көмектесуге, Ұлттық олимпиада комитетінің халықаралық спорт қауымдастығындағы беделін нығайтуға бағытталған» - деп мәлімдеді ҰОК.
Осы даудан кейін Артаевтан сұхбат алған журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға Ұлттық олимпиада комитетінің өкілдері мессенджер арқылы хат жолдап, жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерткен. Бұл туралы журналист Facebook парақшасында жазды.
«Мені сотқа тарпақшы екен. Бірақ кім екені түсініксіз. Бүгін бір нөмірден төмендегідей маған хат келді. Скринді салмай-ақ қояйын. Хат авторы өзін Ұлттық олимпиада комитетінің құқықтық қамтамасыз ету қызметінің басшысымын деп таныстырады. Ол кісінің аты-жөні жоқ па? Бұндай хат мөр мен қол қойылып жібермеуші ме еді? Әлде аты дардай үлкен комитеттің журналистермен коммуникациясының деңгейі осы ма? Бәлкім менікі теріс. Мүмкін Ұлттық олимпиада комитетінің атын жамылған көшеде жүрген біреулер шығар. Шын комитеттің адамы болса атын айтып адам сияқты хабарласып ресми қағаз жіберуі тиіс қой», - дейді Жылқышыбай.
Хат жіберген әлдекім «ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 19-бабын алға тартқан.
«Менің түсінбегенім – кешегі Елбасы мен Нұр Отанның шарапатына бөленген Головкиннің қандай ар-намысына, іскерлік беледіне нұқсан келтірдік. Бір оның жеке басын сөз қылдық па? Әлде нашар боксшы деп сынадық па? Сондай-ақ бұл сөзді (Головкиннің айлығына қатысты) далада жүрген адам емес, әкім болған, спорт саласын басқарған, өмірін спортқа арнап келе жатқан санаулы олимпиада чемпиондарының бірі айтып отыр. Маған бұл ақпаратты теріске шығар депті. Оның бір жолы сұхбат. GGG маған сұхбат берсін. Мен бәріне ашықпын», - деп жазды журналист.