Триатлоншы Екатерина Шабалина Олимпиадаға дайындығы қалай жүріп жатқаны туралы айтты

Azattyq Rýhy

Ол Олимпиада басталғанша Еуропада өтетін үш жарысқа қатысады

Триатлоншы Екатерина Шабалина Олимпиадаға дайындығы қалай жүріп жатқаны туралы айтты
Фото: Olympic.kz

Екатерина Шабалина Олимпиада ойындарында триатлоннан ел намысын қорғайды. Ол рейтинг бойынша басты додаға жолдама алды. Спортшы өзінің дайындығы мен квотаға апарған жол туралы айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, квота алған соң көңілінде тыныштық орнаған. Алайда әзірге, толық сезініп үлгермегенін айтты.

«Олимпиадаға алғаш рет барғалы отырмын. Бұл мен үшін, менің командам үшін, туыстарым мен жақындарым үшін үлкен жетістік.

Іріктеу кезеңі 2022 жылы басталды. Бапкерім Максим Крятпен бірге жоспар құрып, Азия чемпионаты мен Азия ойындарында жиған ұпайдың арқасында қарсыластардан оқ бойы озық болдым. Іріктеу кезеңі аяқталғанға дейін қарқынды түсірмедім, барлық іріктеу жарыстарына қатыстым.

Жаттығудың басым бөлігі Назарбаев Университеті жанындағы Атлетикалық орталықта өтті. Онда жаттығуға бар жағдай жасалған: 50 метрлік бассейн, триатлонға сай жабдықталған жаттығу залы.

Қазір мен Италияда, теңіз деңгейінен 1600 метрде жаттығып жүрмін. Олимпиада Парижде өтетіндіктен, сағат белдеуі мен климатына ұқсас жерде дайындалу маңызды.

Ойын басталғанша Еуропада өтетін үш жарысқа қатысамын», - деді Шабалина.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.