«Қызық сұрақ қойып тұрсыз»: министр Ту ұстайтын спортшылардың ұлтына қатысты сұрақтан қашқақтады
Министрдің айтуынша, спортшының ұлтына міндетті түрде мән беріледі
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Олимпиада ойындарының ашылу рәсімінде Қазақстанның Туын көтеретін спортшылар қалай таңдалатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр спортшылар бір ғана критериймен таңдалатынын атап өтті.
«Олар өзіне сенімді, бізге қандай да бір медаль әкеледі деп сенетін Қазақстан құрамасының өкілдері болуы керек. Бұл Ту көтеретін спортшыға да, оның қасында жүретін қызға да қатысты», - деді Маржықпаев үкімет кулуарында.
Осы орайда журналистер дүбірлі додада Қазақстанның Туын көтеретін спортшыларды таңдағанда оның ұлтына мән беріле ме деп сұрады.
«Міндетті түрде мән беріледі», - деп жауап берді министр.
«Сонда олар қай ұлттан болуы керек?» деген сұраққа:
«Қызық сұрақ қойып отырсыз. Бір адам міндетті түрде қазақ ұлтынан болуға тиіс, ал екіншісі кез келген ұлттың өкілі бола алады», деді Маржықпаев.
Үкіметте өткен брифингте спорт министрі Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туын кім ұстайтынын айтты.
«Үміткерлер бар. Біріншіден, бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Асланбек Шымбергенов. Тағы қыз спортшы бар. Бірақ оның аты әзірше белгісіз. Енді лицензиялық турнирлер аяқталады, содан кейін оның атын айтамыз», деді Ермек Маржықпаев.