$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан жастар құрамасы шайбалы хоккейден әлем чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды

Жарыс Будапешт қаласында өтті

Қазақстан жастар құрамасы шайбалы хоккейден әлем чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алды

Мажарстан астанасы Будапештте ұйымдастырылған шайбалы хоккейден жастар арасындағы IA дивизионының әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаһандық додада бақ сынаған Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын біріншіліктің бас жүлдесін жеңіп алды. Жерлестеріміз бастапқы төрт ойында Мажарстан, Франция, Дания және Жапония құрамаларын тізе бүктірсе, соңғы матчта Аустрия жастарына булиттер сериясында есе жіберді.

Жарыс қорытындысында Сергей Старыгин шәкірттері 13 ұпаймен топ жарды. Франция құрамасы – екінші, даниялықтар үшінші орынға ие болды. Ұлттық құрама қақпашысы Владимир Никитин турнирдің үздік қақпашысы атанды. 

Жастар құрамасының осы жеңісінен кейін Қазақстан тарихи жетістікке қол жеткізді. Яғни, 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының топ-дивизионында бірден үш құрамамыз – жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы ұлттық құрама өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

«Биыл біздің шайбалы хоккейден әр жастағы ұлттық құрамаларымыз тамаша нәтижеге қол жеткізіп, тарихта алғаш рет әлем чемпионатының элиталы дивизионында ойнайтын болды. Осы нәтижелерден-ақ елімізде шайбалы хоккейдің қарқынды дамып келе жатқанын байқауға болады. Жігіттер халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап, Қазақстанның хоккей елі екенін дәлелдеді. Жерлестерімізді жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын!» - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Еске сала кетейік, осы жылдың сәуір айында еліміздің жасөспірімдер құрамасы IA дивизионындағы әлем чемпионатында бірінші орынды иеленіп, элиталы топқа көтерілген болатын. Ол кезде де ұлттық құрамаға Сергей Старыгин жетекшілік еткен еді. Ал ересектер құрамасы топтық кезеңде үш рет жеңіске жетіп, элиталы топтағы орнын сақтап қалды және топ-дивизионда қатарынан төртінші жыл ойнағалы отыр.

Серіктес жаңалықтары