Азия ойындары: өткен тәуліктегі жарыс нәтижелері қандай болды

Azattyq Rýhy

Қазақстан құрамасының қоржынында барлығы 61 жүлде бар

Азия ойындары: өткен тәуліктегі жарыс нәтижелері қандай болды
©instagram.com/ag2022official

Қытайдың Ханчжоу қаласында Қазақстан құрамасының қатысуымен өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарының он екінші күні аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Тас жолдағы велоспорттан 207.7 шақырымға созылған топтық сайыста Евгений Федоров топ жарып, алтын медаль алды.

Тағы бір спортшымыз Алексей Луценко — 4:25:29 күміс медальға қол жеткізді. 

Джиу-джитсудан 62 келіде Мансұр Хабибулла 3-орын үшін өткен бәсекеде филиппиндік Марк Александер Лимді 6:2 есебімен ұтты.

Джиу-джитсудан 69 келідегі Алдияр Серік Сигапурден келген қарсыласы Ноа Тян Рун Лиманы 2:0 есебімен жеңді.

Нұржан Батырбеков Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының алтын медалін алды. 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз финалда БАӘ келген қарсыласы Мұхаммед әл-Суваидиді 4:2 есебімен жеңді.

Нұрқанат Әжіқанов Азия ойындарында WKF каратэден Қазақстанға алтын медаль сыйлады. Ол Иордания спортшысы Хасан Масарвехті айқын басымдықпен жеңіп, Қазақстан еншісіне осы ойындардағы 8-алтын жүлдені салды. Есеп: 8-0.

Лаура Әліқұл Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. WKF каратэнің кумите бағдарламасында 68 келіге дейінгі салмақтың финалында Лаура жарыс қожайыны, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері Цяоцяо Лиге жол берді. Есеп: 0-4.

Грек-рим күресінен аса ауыр салмақтағы палуанымыз Әлімхан Сыздықов Ханчжоуда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Жүлде үшін белдесуде былтырғы Азия чемпионы Әлімхан Түркменстан спортшысы Айбекшазада Курраевты 5-1 есебімен жеңді.

57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Карина Ибрагимова Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алды. Финалда ол Тайбэйден келген екі дүркін әлем чемпионы Ю Тин Лиден жеңіліп қалды.

Аса ауыр салмақтағы Ұлттық құрама боксшысы Қамшыбек Қоңқабаев финалда Токио олимпиадасының жеңімпазы, 2 дүркін әлем, 3 дүркін Азия чемпионы Баходир Джалоловтан (Өзбекстан) жеңіліп қалды. Есеп: 0-4.

12-ші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынында 8 алтын, 15 күміс және 38 қола жүлде бар.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.