«Стадионның төбесін жабу керек»: мамандар «Медеудің» бұрынғы даңқын қалай қайтаруға болатынын айтты
«Медеу» мұз айдынында конькимен жүгіруден әлемдік 47 рекорд жаңартылған
Кеңес Одағы кезінде Қазақстанды әлем үш атау арқылы білетін еді: Байқоңыр ғарыш айлағы, Семей полигоны және Медеу мұз айдыны.
Бүгінгі әңгімеміз Медеу туралы. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап кеңес конькишілері мен жаттықтырушылары бүкіл Кеңес Одағының таулы жерлерін аралап Швейцариядағы Давос шипажайындай жер іздейді. Оның себебі Давостағы биік таудағы мұз айдыны сол кездегі жарысқа да, жаттығуға да ең қолайлы жер саналатын. Сонымен ізденіс 40-шы жылдың аяғына таман Алматы қаласының орталығынан 16 шақырым жердегі Медеу шатқалына алып келеді. Бұл 1949 жылдың соңына таман болатын, шатқалдағы ашық алаң тау тастарынан тазартылып, су құйылып, мұз қатырылады. Сол мұзға конькишілер шығып, жүгіріп көріп, мұздың сапасын өте жоғары бағалайды, конькишілер жақсы нәтижелерге жетеді. Сол күннен бастап бұл алаңда конькишілердің жаттығулары да басталып кетеді.
Тарихқа үңілсек, бұл шатқал революцияға дейін Жетісу өңіріне белгілі кәсіпкер Медеу Пұсырмановтың жайлауы болатын. Медеу кезінде революцияны жақсы қарсы алып, большевиктерге Жетісуда орнығуларына үлкен көмегі тиген болатын. Сондықтанда ма, шатқалдың атына тиіспей, болашақ әйгілі мұз айдыны да Медеу Пұсырманов атымен аталып кетеді.
Фото: voxpopuli.kz, Орталық кинофотоқұжаттар мұрағатының қоры
«Медеу» мұз айдынының өмірге келуі 1951 жылдың 4, 5 ақпан күндері саналады, сол күндері мұз айдынында Қазақ ССР Министрлер Кабинетінің жүлдесі үшін болған конькимен жүгіру спортынан халықаралық жарыста: 2 әлемдік, 6 одақтық және 9 қазақстандық рекордтар жаңартылады.
Сол кезден бастап Медеу шатқалындағы мұз айдыны кеңес конькишілер құрамасының басты дайындық базасына айналады.
Бұл табиғи аяздың күшімен қатырылған мұз айдыны болатын, онда 1951 жылдан 1970 жылға дейін 17 қысқы спорт маусымы өткізілді. Екі жыл, 1966 және 1967 жылдары шатқалда үлкен бөгет салынуына байланысты жұмысы уақытша тоқтатылды.
Сол жылдары «Медеу» мұз айдынында конькимен жүгіруден әлемдік 47 рекорд жаңартылды.
Медеудің жетістіктеріне байланысты 1970 жылдың 6 қаңтарында КСРО үкіметінің шешімімен мұз айдынының орнына ашық мұз айдыны бар стадион салу қабылданады. Құрылыс жұмысы 2 жылда (4 жылдың орнына) бітіп, 1972 жылдың 28 желтоқсанында іске қосылады. Бұл әлемде ең биікте орналасқан абатталған биік таудағы мұз айдыны бар стадион болатын. Енді мұз айдыны тоңазыту қондырғыларымен қатырылатын болды.
Тоңазыту қондырғыларының арқасында мұз айдынының жұмыс мерзімі 4 айдан 8 айға дейін (қыркүйектен мамыр айына дейін) созылды. Айдындағы мұздың сапасы бұрынғы жақсы қалпында қалды, рекордтар тізімі әрі жалғасты.
Фото: voxpopuli.kz
«Медеу» мұз айдынында 1972-1996 жылдары арасында 24 қысқы спорт маусымында 73 ресми әлемдік рекорд жаңартылды. Сонымен қатар 1974, 1984 жылдары шапшаң жүгіруден әйелдер арасында Еуропа чемпионаты, 1988 жылы шапшаң жүгіруден ерлер арасында әлем чемпионаты өтті. Бәрі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Одан басқа да жыл сайын халықаралық: Қазақ ССР Министрлер кеңесінің жүлдесі үшін, Қазақ ССР Кәсіподағының жүлдесі үшін, «Советский спорт» газетінің редакторы Н.С.Кисилевті еске алу жарыстары өткізілетін. Ірі халықаралық турнирлерден: КСРО – Норвегия, КСРО – Норвегия – Нидерланды, КСРО – ГДР, КСРО – Швеция және т.б өтетін еді.
Көптеген шетел конькишілері «Медеу» мұз айдынында жаңа рекордтар орнатып, өз жетістіктерін жаңартты. Мұз айдынының бас тұтынушысы кеңес одағының олимпиадалық құрамы болатын, басқалары одақтың түкпір-түкпірінен келген конькишілер еді. Олардан басқа жылына 2 рет: күзде және көктемде бір айдан ГДР конькишілері жаттығатын. 80-ші жылдардың аяғына таман Қытай Халық Республикасының конькишілері жаттығуға келе бастады.
Мұз айдынында жаттығулар уақыты таңғы сағат 6-дан түнгі сағат 3-ке дейін жүретін, дүйсенбіден жексенбіге дейін. Алматылықтар мен қонақтарына коньки тебу үшін мұз айдыны аптасына бір-ақ рет төрт-ақ сағат, жексенбі күні сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін берілетін.
«Кеңес кезінде «Медеу» мұз айдынына үлкен көңіл бөлінді, жылына 300 000 рубль дотация берілетін, Медеу үшін 1квт. электр қуатының бағасы 1 тиын болатын. Медеуде бүкіл қондырғылар электр қуатымен жұмыс істейтін: 7 электр қазандығы, әрқайсысы 2500 квт, 3 турбокомпрессорлық тоңазыту қондырғысы әрқайсысы 1500 квт, сорғылар барлығы электр қуатын тұтынатын. Басты себеп мұздың тазалығын қамтамасыз ету болатын. Көмір, мазут жағатын қазандықтарды қолдануға тыйым салынған болатын. Мұзға конькисіз ешкімді шығармайтынбыз, мұз айдынына және стадионның ішіне бөтен ешнәрсе кіргізуге, орнатуға рұқсат етілмейтін. Осылай мұз айдынын қорғайтынбыз.
Медеудің құлдырауы 1988 жылдан басталды, сол жылы «Медеу» спорт кешені өзін өзі қамтамасыз ету жүйесіне ауыстырылып, өнеркәсіп мекемелерімен теңестірілді. Дотация, электр қуатына берілетін жеңілдік алынып тасталды. Сол жылдардан бастап Медеу өз күнін өзі көре бастады», - дейді 1986-1993, 1996-2005 жылдары «Медеу» спорт кешенінің бас инженері, 1981-1985 жылдары тоңазыту қызметінің жетекшісі болған, сол сияқты «Медеу, взгляд изнутри» кітабының авторы Дулат Кейкин.
Фото: tengrinews.kz
Уақыты келе тоңазыту қондырғылары тозып, экологиялық сұраныс қатайғанын, энергия ресурстары қымбаттағанын тілге тиек етіп өтті. Осыларға байланысты 1996 жылы «Медеу» спорт кешені уақытылы тозған, элетроэнергиясын мөлшерден көп жұмсайтын, экологияға қауіпті тоңазыту агенты «фреон-12» 7500 кг мөлшерінде қолданатынына байланысты өз жұмысын тоқтатты. Фреон-12 атмосфераның озон қабығын бұзатын заттардың бірі болып есептеледі және сол жылдары әлемде оны қолдануға тыйым салынған болатын.
«КСРО мен ГДР ыдырағаннан кейін байланыстар үзіліп және де спортты қаржыландыру нашарлап, шет елдің, шет жердің конькишілерінің легі күрт үзіліп, Медеуге келуші конькишілердің саны Қазақстан мен Ресей шекаралас облыстарымен шектелді. Енді мұз алаңын толтыру үшін түске дейін айдында Қазақстан және Ресейдің кейбір қаларынан келген спортшы конькишілер жаттығатын да, түстен бастап түнге дейін мұз демалушы алматылықтар мен қонақтарға берілетін болды. Демалушылар үшін конькиді жалға беретін және конькидің жүзін қайрайтын бөлімшелер жұмыс істеді.
Шынын айтсақ, осы әдіспен Медеу әлі күнге дейін күнін көріп отыр. Координалды өзгеріс әлі күнге дейін жоқ.
«Медеу» мұз айдынында өзгеріс болу үшін стадионның төбесін жабу керек. Сонда ғана Медеуді бұрынғы атақ, беделіне жеткізуге болады», - дейді Дулат Кейкин.
Конькимен жүгіру спорты мен мұз айдындарының тарихына үңілсек, ол көне дәуірден басталады. Бірақ прогрессивтік өзгерістер ХХ ғасырда болды. Ол 3 кезеңде өтті:
1-кезең – ашық алаңдағы табиғи мұз айдыны, ол 60-шы жылдарға дейін созылды;
2-кезең – ашық алаңдағы мұз айдынын тоңазыту қондырғыларымен қатыру, ол 60-шы жылдары басталды;
3-кезең – 1986 жылы Херенвен (Нидерланд) қаласындағы Тиальф мұз айдыны бар стадионның төбесі жабылып, мұз айдындары жабық стадиондарда тоңазыту қондырғыларымен қатырылатын болды;
Бұл дегеніңіз енді конькимен жүгіру спортының шапшаң жүгіру саласы жабық стадиондарда өтетін болғаны. Сондықтан спортшылар шапшаң жүгіруден жаттығуларын жабық мұз айдындарында өткізуге тырысады, әсіресе биік таудағы мұз айдындарында.
«Біздің елде ондай мүмкіндік әзірге жоқ, сондықтан қазір Медеуге шетелдік спортшылар бұрынғыдай жаттығуға келмейді. Біздің елдің құрамасыда шетелдік биік таудағы жабық мұз айдындарында жаттығуға тырысады. Біздің Медеу әлі мұз айдындарының өркендеуінің 2-кезеңінде жүр.
Біз Медеудің бұрынғы даңқы мен абыройын қайтарамыз десек шұғыл түрде стадионның төбесін жабуымыз керек, содан кейін мұз айдынының мұздату плитасын құбырларымен бірге қайта төсеп, ескі тоңазыту қондырғыларын экология жағынан зиянсыз тоңазыту агентімен істейтін жаңа қондырғыларға ауыстыруымыз керек. Сонда ғана Медеу өркендеуінің 3-кезеңіне өтеді және әлемге белгілі биік таудағы мұз айдындарының (Солт-Лейк Сити, АҚШ; Калгари, Канада) тобына қосыла алады.
Сол кезде Медеуге жаттығуға біздің елдің құрамасы ғана емес, бүкіл Ресейдің қаларынан, Азия мемлекеттері: Жапония,Қытай, Оңтүстік Корея, Монғолиядан және де басқа континенттердің елдерінен конькишілер командалары жаттығуға келеді. Жаттығу кестесі де бұрынғыдай сағат таңғы 6-дан түнгі 3-ке дейін боларына сенемін», - дейді «Медеу» мұз айдынында ұзақ жыл еңбек еткен білікті маман.
Бұдан сұрақ туындайды: жалпы бұқаралық коньки тебу қай уақытта өтетін болады деген. Біздің және шетелдік спорт командаларынан мұзға сұраныс көп болса, мұз айдыны алматылық және қонақтарымыз үшін ешуақытта бос болмауы мүмкін.
Фото: sxodim.com
«Бұл сұрақты шешуге мүмкіндік бар. Қазіргі стадионнан жоғары, оңтүстік жағында үлкен алаң бар. Сол алаң мұз айдыны болуға сұранып тұрғандай, 8000 шаршы метр мұз айдынын жасауға болады. Ол үшін көп қаражаттың қажеті жоқ. Алаң тегістеліп, тапталып, үстінен бетон плита құйылып және сыртқы беті спорттық жабындымен қапталса болғаны. Жазда бұл алаңда спорттың барлық түрінен жаттығу, ойындар өткізуге болар еді. Ал күзге таман оның үстіне «жылы еден» тәрізді пластикалық құбырлардан «салқын еден» төселіп, олар қасындағы тоңазыту станциясының салқындату сұйығы жүретін бас құбырларына қосылады. Құбырлардың ішіне салқындатылған антифриз айдалып, алаңның үстіне құйылған су қата бастайды. Бір апта ішінде мұз айдыны дайын болады. Конькилерді жалға беру, конькилердің жүзін қайрау бекеттері үшін абатталған жүк контейнерлерін қолдануға болады. Осылай халық үшінде жағдай жасалады.
Қазір жаңа технология бойынша қаланың кез келген алаңында, немесе тау бөктерінде, мәселен Алма арасан шатқалында тұрақты немесе уақытша мұз айдындарын орнатуға болады. Болашақта соны қолға алсақ деймін. Медеу шатқалы қазір «Медеу» мұз айдыны мен «Шымбұлақ» шаңғы кешені үшін тарылып кетті. Сондықтан халық үшін басқа жерден мұз айдынын салу керек жаңа технология бойынша, үлкен ғимарат – стадионсыз», - деп «Медеу, взгляд изнутри» кітабының авторы Дулат Жәрдемұлы ойын білдірді.
Кезінде «Медеу» спорт кешенінің құрамында ашық жүзу бассейні, ескі тоңазыту станциясының, электр қазандығының ғимараттары болған. Бұлардың барлығы 2008-2016 жылдары сатылып, жекешеленіп кеткен. Қазір спорт кешенінде стадион мен жаңа тоңазыту станциясының ғимаратынан басқа ештеңе жоқ. Сол ғимараттарды, жерлерді «Медеу» спорт кешеніне қайтару керек, дейді ол.
«Бұрынғы жүзу бассейнінің орнына 50 метрлік жабық жүзу бассейнін салу керек. Ал бұрынғы тоңазыту станциясының, электр қазандық ғимараттарын қайта қалпына келтіріп, ішінде спорттық ойындар спортзалын, тренажер залын, киім ауыстыратын, жуынатын орындар жасау керек. Бұл спорт кешенінің оқу-жаттығу орталығы болады және ол стадионмен жерасты жолы арқылы жалғасады, ол жол бар. «Медеу» спорт кешенінде өмірде спорттық зал болмаған, қазір де жоқ. Сондықтан осыны қолға алған жөн деп санаймын.
Бұл істің бәрін атқарсақ, Медеу шынымен де спорттық халықаралық биік таудағы спорт кешені болады.
Тағы айтатын шаруа, ол газ қазандығы, Медеуді жылытып, ыстық сумен қамтамасыз ету үшін өте қажет, соны салу керек, мұнда газ келіп тұр.
Биыл 28 желтоқсанда «Медеу» стадионының іске қосылғанына 50 жыл болады, ал ақпан айында бірінші рет мұз айдынының қатырылғанына 73 жыл болды. Осы Медеуіміздің төбесін жауып үлкен спортқа қайтаруға мүмкіндік берген жөн деп санаймын», - деп Дулат Жәрдемұлы ойын аяқтады.
Айта кетейік, шорт трек спортынан әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген Абзал Әжіғалиев Қазақстанда спортшылардың уақытылы, тиісті деңгейде дайындалуына жағдай қарастырылмағанын айта келе спорт нысандары жеткіліксіз екенін айрықша айтқан болатын.
Талғат Сүйінбай
ардагер журналист