Азия чемпионатында топ жарған спортшылар елордаға оралды
Спортшыларды әуежайдан жанкүйерлері күтіп алды
Бүгін Астанадағы халықаралық әуежайға Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионатының жүлдегерлері ұшып келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спортшыларды Астана қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері мен жанкүйерлері қарсы алды.
Айта кетейік, 28-29 қазан аралығында Малайзияның Куала-Лумпур қаласында эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионаты өтті. Жарысты салтанатты түрде Астана қаласының құрама командасы аяқтады. Қазақстанның әнұраны 5 рет шырқалды. 6 санатты медаль жиынтығында еліміздің 2 командасы жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Олардың ішінде елордалық спортшылардың еңбегін атап өту қажет: 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдер санатындағы Азия чемпиондары – Самұрық командасы, Астана (Медина Әбдібаева, Іңкәр Байронова, Ақбота Тоқанова, Валерия Лукьянова, Микаэлла Ошаганова, Айзара Әбілдинова, Адина Исабекова, Аружан Шамшина, Дарина Ақшолақова, Әмина Тастанбек, Анар Мұхамедқалиева), жаттықтырушы-хореограф – Әсел Тастанбекова.
10-12 жас аралығындағы балалар санатындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері – «Алан-Рио» командасы, Астана қаласы (Ясмина Тастанбек, Даяна Дүйсебаева, Медина Исағали, Кәмила Заманбекова, Дарья Остравенко, Жасмин Әлімбаева, Томирис Сағадат, Аяулым Ахметқали, Аруна Мекебаева, Адия Рахимова, Латифа Пшенова, Әсия Елдар), жаттықтырушы-хореограф – Әсел Тастанбекова.
12-14 жас аралығындағы балалар санатындағы Азия чемпионатының қола жүлдегерлері Алан-Томирис, Астана қаласы (Аружан Қайыржанова, Алуа Исаева, Ділназ Садықова, Інжу Ермұратова, Жаныс Сағидулла, Мәдина Абдрахманова, Айшаханым Ақан, Саида Бижанова, Дана Темірболат), жаттықтырушылар – Зарина Давлетьярова және хореограф Аяулым Алтайбекқызы.
Сонымен қатар, «Алан-Рио» командасы Малайзиядағы MAGGA CUP халықаралық турнирінде де қола жүлдеге ие болғанын атап өткен жөн.
«Малайзиядағы Азия чемпионатында бәсекелестік өте жоғары болды Оңтүстік Корея, Үндістан, Жапония, Малайзия командаларымен бақ сынастық. 10-12 жас аралығындағы балалар санатында 2-орынға ие болдық. Жаттықтырушыларыма алғысымды білдіремін», - деді «Алан-Рио» командасының мүшесі Томирис Сағадат.