Исламиада: 12 тамыз күнгі қорытынды бойынша ұлттық құрама төртінші орында
Жалпы командалық есепте Түркия командасы топ бастап тұр

Қазақстандық спортшылар Түркияда өтіп жатқан Ислам ойындарында 12 алтын, 5 күміс, 19 қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ел құрамасына кезекті алтын жүлдені әйелдер күресінен Елена Шалыгина алып келді. 65 кг-де сынға түскен спортшы ақтық сында Әзірбайжан өкілін жеңді.
Сондай-ақ таеквандодан +87 келіде Бауыржан Хасенов қола жүлдеге қол жеткізсе, грек рим күресінен 55 келіде Аманғали Бекболатов тағы бір қола жүлдемен ел қоржынын толтырды.
Осылайша 12 тамыз күнгі қорытынды бойынша Қазақстан құрамасы 12 алтын, 5 күміс, 19 қола жүлдемен жалпы командалық есепте төртінші орынға тұрақтады.
Бірінші орын Түркия 41 алтын, 41 күміс, 32 қола, екінші орын Иран 20 алтын, 18 күміс, 13 қола. Ал үшінші орында 14 алтын, 10 күміс, 19 қола жүлдемен Өзбекстан құрамасы.