$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.07.2022, 16:42
Спорт

Ақтауда аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтті

Жарысқа әлемнің жеті елінен 32 спортшы қатысты

Ақтауда аралас жекпе-жектен халықаралық турнир өтті
фото: www.gov.kz

Ақтауда "Naiza 41" және "EAGLE FC 48" промоушендерінің аралас жекпе-жектен бірлескен халықаралық турнирі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Маңғыстау облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Ашық аспан астында өткен турнирге 15 мыңнан астам көрермен жиналды. Турнирге Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, UFC чемпионы Хабиб Нұрмағамедов, Қазақстан Республикасының ММА, панкратион және грэпплинг аралас жекпе-жек федерациясының президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сағындық Мекеев, Naiza Лигасының президенті Нұрбек Қарабала, EAGLE FC Лигасының президенті Шамиль Завуров, UFC жауынгері Шавхат Рахмонов қатысты.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл турнирді Ақтауда өткізу Хабиб Нұрмағамедовтың әкесі, марқұм Абдулманап Нұрмағамедовтың идеясы екенін атап өтті.

Турнирге әлемнің жеті елінен 32 спортшы қатысып, 16 жекпе-жек өткізді.

"Naiza" және "EAGLE FC" бірлескен турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік Гамзат Хирамагомедов пен қазақстандық спортшы Дәурен Ермеков "EAGLE FC" белдігі үшін кездесу өткізді. Екінші раундта техникалық нокаутпен қазақстандық спортшы жеңіске жетті.

«Турнирді тамашалауға келген мыңдаған адамның арасында болғаныма өте қуаныштымын. Дәл қазір сіздердің араларыңызда турнирден кейін осы спорт түріне қызығушылықпен келетін және өз күш-жігерінің арқасында алдағы 10 жылдан кейін аты аңызға айналатын жастар шығады деп есептеймін. Қазақстан - менің туған жерім, мұнда үлкен Дағыстан диаспорасы бар. Маңғыстаулықтардың қонақжайлығы үшін алғысымды білдіремін!»,- деді Хабиб Нұрмағамедов.

Сондай-ақ Маңғыстауда тұңғыш рет өтіп жатқан халықаралық турнир аясында Naiza Sport Week апталығы ұйымдастырылды. Осы аралықта қазақтың белді чемпиондары, спортшылары мен жаттықтырушылары жас буынға түрлі шеберлік сыныптары, ашық жаттығулар мен мотивациялық кездесулер өткізді.

Олардың қатарында UFC жауынгері Шавкат Рахмонов, DAR Team командасының коучтары - Азиз Разыев пен Эдуард Базров, Naiza лигасының чемпиондары - Əліби Ыдырыс, Николай Самусев, Ильдар Құдайбергенов, панкратионнан əлем чемпионы Мұратбек Қасымбай, Ғалымжан Жасұланов бар.

Серіктес жаңалықтары