Қызылордалық балуан Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысының» жеңімпазы атанды
Бүгін "Барыс-Арена" мұз сарайында астана күніне орайластырылған қазақ күресінен ХІ "Қазақстан Барысы" республикалық турнирі өтті
Қызылордалық Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жарыс ережесіне сәйкес сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық деңгейдегі және күштік құрылымдар желісі арасында іріктеу жарыстары толығымен өтіп, оған еліміз бойынша бес мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінен ақтық сынға жолдама алған 36 балуан өзара күш сынасты.
Қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты биылғы турнир "бүк" ұпайынсыз өтті.
Биылғы «Қазақстан Барысы» атанған Қызылорда облысының балуаны Мақсат Исағабыловқа 25 миллион теңге және алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқ» табысталды.
Күміс жүлдегер Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғаповқа 5 миллион 500 мың теңге және қола жүлдегер Жамбыл облысының балуаны Ғалымжан Қырықбайға 1 миллион 800 мың теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталды.