Тегін спорт және шығармашылық үйірмелер саны қысқартылады - Дәурен Абаев
Министрдің айтуынша, бүгінде 2 миллионға жуық оқушы спортпен шұғылданады
Спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерінің бағасы қайта қаралады. Ол бағдарламаның ауқымын кеңейтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазір бір бала мектептегі секцияға, «артспорт» бойынша секцияға және шығармашылық үйірмеге баруы мүмкін. Көпшілікті қамту мақсатында біз тек бір секцияны ғана ұсынамыз. Сондай-ақ спорт түрлерінің саны 71 ден 30-ға дейін, шығармашылық үйірмелер 59-дан 30-ға дейін қысқарады. Қайталанатын спорт түрлері топтастырылды. Мысалы, қазір онда үстел теннисі, көзі нашар көретін балаларға арналған үстел теннисі, тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған үстел теннисі және бейімделген теннис түрлері бар. Бұл секциялардың барлығы өз жұмысын жалғастыра береді, тек бір ортақ атауға біріктіріледі. Жеңіл атлетикадағы жағдай да осыған ұқсас. Бірақ біз толық алып тастайтын спорт түрлері де бар», - деді министр.
Министр бүгінде 2 миллионға жуық оқушы спортпен шұғылданатынын айтты. 500 мың бала 15 мың спорт және шығармашылық үйірмесіне тегін қатысады. Сондықтан, «Артспорт» жобасы жалғасын табады, жабылып қалады деген сөздер шындыққа жанаспайды. Ал әкімдіктер қажетті қаржыландыруды қарастырады, деп сөзін түйіндеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік спорттық, шығармашылық және қосымша білім алу тапсырыстарының аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне бір ғана өтініш беру қағидасы енгізіледі.
Бұдан бөлек, спорт түріне байланысты балалардың жаттығуға жіберілетін ең төменгі жасы бекітіледі. Бұл жерде қолданыстағы нормативтік-құқықтық база негізге алынады. Мысалы, көркем гимнастикаға 5 жастан, ал боксқа 12 жастан бастап баруға болады.