Головкин мен Альварестің жекпе-жегі қай жерде өтуі мүмкін

Azattyq Rýhy

Екеуінің жекпе-жегі өтетіні туралы кеше түнде ресми хабарланды

Головкин мен Альварестің жекпе-жегі қай жерде өтуі мүмкін
Фото: Erik Verduzco Las Vegas Review-Journal

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек өтуі мүмкін орын айтылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy vesti.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Альварес өзінің үйреншікті салмағы – 168 фунтқа қайтып оралады. Бұл салмақта ол шүбәсіз чемпион болып саналады әрі қазақстандық боксшыға қарсы төрт белбеуін қорғамақ. Олардың жекпе-жегі қыркүйек айының ортасына таман – Мексиканың тәуелсіздік күні қарсаңына жоспарланып отыр. Өтетін орны белгісіз. Дегенмен осыған дейін екеуінің екі жекпе-жегі өтіп, 24 млн доллар пайда тапқан Лас-Вегаста ұйымдастырылуы мүмкін», - деп жазды Forbes.

Канело мен Головкиннің жекпе-жегі 17 қыркүйекте өтуі мүмкін. Екеуі осыған дейін екі мәрте шаршы алаңға шығып, алғашқысы (2017 жылы) даулы түрде тең аяқталған. Ал екіншісі бір жылдан кейін ұйымдастырылып, жеңіс мексикалықтың еншісінде кетті.

Кеше түнде Сауль Альварес Головкинмен үшінші жекпе-жегі өтетіні туралы ресми хабарлады.

«Алдағы күндері қыркүйекте өтетін жекпе-жегіміз туралы хабарлаймыз. Ол әрине GGG-ге қарсы өтеді. Себебі осыған дейін жұдырықтасу туралы келісіміміз бар болатын. Ал одан кейін Биволмен күш сынасамын», - дейді Альварес. Оның бұл сөзін ESPN KnockOut хабарлады.

Айта кетейік, трилогияның өтетіні туралы көктемнің алғашқы күндері айтылған. Ол үшін Головкин жапониялық Риота Муратамен, ал Альварес Биволмен жұдырықтасуы керек болатын.

Отандасымыз жапониялық қарсыласын нокаутпен жеңсе, Сауль ресейлік қарсыласы Биволға есе жіберіп, карьерасында екінші рет жеңілген еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.