$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.05.2022, 10:31
Спорт

Сурдлимпиадада Қазақстан қоржынына 4 жүлде түсті

Жазғы ойындарға Қазақстан атынан 65 спортшы аттанды

Сурдлимпиадада Қазақстан қоржынына 4 жүлде түсті
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында XXIV Сурдлимпиада өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының спортшылары алғашқы жарыс күні 4 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап хабарлайды.

«Дзюдодан Алдыбек Нұрмұхамед (60 кг) финалда қарсыласына жол берді. Ал Фериде Караоглы (48 кг), Дина Иржанова (суретте, 52 кг), Шаяхмет Қанапиянов (73 кг) өз салмағында үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстан делегациясы 1 күміс, 3 қола медальмен жалпы есепте 16-орында тұр. Көш басында 12 алтын, 3 күміс, 9 қоласы бар Украина тұрса, 4 алтын медаль иеленген Жапония 2-сатыда. Содан кейін екі алтынмен Иран, Венесуэла, АҚШ келеді. Әзірге 20 мемлекеттің өкілі тұғыр сатысына көтерілді», - делінген Спортты дамыту дирекциясы хабарламасында.

Айта кетейік, жазғы ойындарға Қазақстан атынан 65 спортшы аттанды. Олар спорттың 9 түрінен: үстел теннисі, жүзу, каратэ-до, таэквондо, дзюдо, жеңіл атлетика, грек-рим, еркін күрес және бадминтоннан сынға түседі. Сурдлимпиада 15 мамырда мәресіне жетеді. Барлығы 70 мемлекеттен 2 мыңға жуық спортшы жиналды. Қазақстан осымен 6-рет жазғы Сурдлимпиадаға қатысып жатыр.

Сурдлимпиадалық спорт түрлерін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін қаржылай сыйақы мөлшері Олимпиада және Паралимпиадамен теңестірілген болатын. Яғни бұл жарыстан 1-орын алған спортшыға 250 000, 2-орын 150 000, 3-орын - 75 000, 4-орын — 30 000, 5-орын — 10 000 және 6-орын үшін 5 000 АҚШ доллары беріледі. Жазғы Сурдлимпиада мамыр айының 15-іне дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары