$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.03.2022, 15:56
Спорт

Отандық гимнастар әлем кубогында бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алды

Александр Ким өз шәкірттерінің Дохадағы көрсеткішін жоғары бағалады

Отандық гимнастар әлем кубогында бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алды

Спорттық гимнастикадан Катар астанасы Дохада өткен әлем кубогы кезеңі қазақстандық спортшылар үшін сәтті аяқталды. Нариман Курбанов гимнастикалық ат снарядынан алтын алса, Милад Карими қоссырықтағы жаттығудан күміс иеленді. Осы орайда, команда бас бапкері мен спортшылар турнирге өз бағасын берді, деп жазады Olympic.kz. 

Александр Ким өз шәкірттерінің Дохадағы көрсеткішін жоғары бағалады.

«Нариманның финалдағы өнері көңілімнен шықты. Котбус қаласында (Германия) ол іріктеуде 15.250 ұпай жинап, ақтық сында құлап қалған еді. Осылайша, жүлдеден тыс қалған. Дохада Курбанов іріктеу кезінде екінші орын иеленіп, финалда комбинациясын таза орындап шықты. Иә, жүлдеге талас жолында жаттығуға кішігірім өзгертулер енгізді. Мәселен, қиын элементтердің бірін алмастырып, өзі ғана орындайтын элементті 0,1 ұпайға жеңілдетті. 

Финалда Нариманның жаттығуы қиындығы жөнінен 6,3 ұпайды құрады. Ақтық сында Курбановқа бақталас болатын жалғыз спортшы – ирландиялық МакКлахан еді. Бірақ ирландиялық гимнаст финалда өз комбинациясының құнын 6.1 ұпайға түсірді. Қола жүлде алған армениялық Мердинянның бағдарламасы қиындығы жөнінен 6.0 ұпайға тең болды. Мұнымен тоқтауға болмайды. Нағыз тартыс әлі алда. Каир мен Бакудегі әлем кубогы кезеңінде спортшылар барын салуы тиіс. Қазақстандық жанкүйерлерді екі спортшымыздың жүлделі болуымен құттықтаймын!» - дейді бас бапкер. 

Милад Карими қоссырықтағы жаттығуда 14.566 ұпай жинап, күмісті олжалады. Бұл Миладтың жаңа маусымдағы алғашқы жетістіктерінің бірі.

Нариман Курбанов болса, Котбустағы қателіктен соң Катарда бар күшін салып, медаль алғанын айтады.

«Осы айда әлем кубогының төрт кезеңіне қатысуды жоспарладым. Міне, екі аптаның ішінде екі кубоктық додаға қатысып үлгердім. Германияның Котбус қаласында өткен жарыста басты фавориттердің бірі болдым. Финалға да жақсы ұпаймен өттім.

Бірақ шешуші сәтте дайындығым да, жүйкем де сыр берді. Оның үстіне, жаттығуды орындау кезінде қате жіберіп, медальдан айырылып қалдым. Сондықтан, Дохаға келіп, алтын алмай кетсем, өзімді кешірмейтін едім. Тек қана алтын аламын деген мақсат бар менде.

Іріктеуден бір деммен өтіп, финалда өзімнің соңғы үш айда дайындаған жаттығуымды көрсетіп шықтым. Енді алда тағы екі кезең бар. Сол бәсекелерде өзімнің бар мүмкіндігімді көрсетуге тырысамын», - деді Нариман.

Серіктес жаңалықтары