Футбол федерациясы мемлекеттік қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады
Енді федерация УЕФА мен демеушілердің қаржысына иек артады
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтхожин 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Франциямен (0:8) өткен матчтың нәтижесіне қатысты түсініктеме берді. Өз сөзінде бас хатшы келер жылдан бастап федерацияның мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар есебінен қаржыландырудан бас тартатынын айтты. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында жарияланды.
"Ең алдымен, отандық жанкүйерлерден Франциямен ойында сәтсіздікке ұшырағаны үшін кешірім сұрағым келеді. Біз әрбір жеңілісті өз ішімізде сезінеміз. Айта кету керек, біз Парижде оңтайлы құраммен ойнай алмадық. Бүгінгі таңда бізде ұлттық команданың резерві жоқ деп айтуға болады. Команда жетекшілерін ауыстырған ойыншылар әлі халықаралық деңгейде ойнауға дайын емес», – деді Азамат Айтхожин.
Сонымен қатар, федерацияның бас хатшысы жұртшылықтың «миллиардтарды желге шашты» деген айыптауына жауап берді.
«Жұртшылықтың сынына келетін болсақ, ашық айтайын: былтыр және оның алдындағы жылы Қазақстан футбол федерациясы мемлекеттік бюджеттен 200 миллион теңгеден алып отырды. Ол ақша ұлттық команданың түрлі жастағы құрамаларына (U17, U19, U21 санаты бойынша), Blind-Football (зағип жандарға арналған футбол), әйелдер, ұлттық, жағажай, сондай-ақ футзал құрамасын халықаралық жарыстарға әзірлеуге және ұйымдастыруға жұмсалды. Қайдағы миллиардтар туралы айтылып жатыр? Келесі жылдан бастап Қазақстан футбол федерациясы Мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар есебінен қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Ұйым УЕФА қаражатының және демеуші тарту есебінен қаржыландырылады», – деп атап өтті бас хатшы.