«Болашақ» қоры ұйымдастырған жол жүру гранты жас спортшыларға зор мүмкіндік беріп келеді
Аталған грантты ниет білдірген кез келген үміткер бола алады
«Болашақ» корпоративтік қоры 2014 жылдан бері талантты жастарға арнаған «Жол жүру гранттары» жобасын іске асырып келеді. Жобаның басты мақсаты – Қазақстанда және шетелде шығармашылық, зияткерлік және спорттық жарыстарға қатысу үшін жеткілікті қаражаты жоқ жастарды қолдау. Грант алуға кез келген ниет білдіруші үміткер бола алады.
Аталған жоба арқылы тегін жүру жолдамасын ұтып алғандардың бірі – Арыстан Айтмолдин. Ол 2018 жылы дзюдодан Латвияда өткен «Young stars 2018» халықаралық турниріне қатысып, жүлделі орынға ие болған. Спортқа кішкентайынан бейім болған мектеп оқушысы аталған жоба арқасында үлкен тәжірибе жинап келгенін айтады.
Azattyq Rýhy тілшісі Арыстанмен хабарласып, спорттағы жетістіктері, алдағы жоспарлары жайында сұрап білді.
Ол "Young stars 2018" халықаралық турниріде екінші орын алып, кейін бір жылдан соң өз қаражатына Латвияға қайта барып, күрестен алтын алып келген. Арыстан жобаға қалай қатысқанын, турнир жайында толық баяндап берді.
«Бұл сапарым менің спорттағы тәжірибемді арттыруға үлкен септігін тигізді. Бір жылдан кейін Латвияға қайта барып, алтын жеңіп алдым. Қуанышымда шек болмады. Өзім Өскемен қаласында тудым. Отбасымызбен елордаға 2012 жылы көшіп келдік. Қазір 53-ші мектептің 10-шы сынып оқушысымын.
Күреспен 9 жасымнан бері айналысамын. Бұл спорт түріне мені алып келген – әкем. Ол кісінің өзі 12 жасынан бері бокспен айналысқан. Үлкен ағам да спортпен кәсіби түрде шұғылданады», - дейді Арыстан.
Ол жол жүру грантына ие болудың жолдары қиын емес, әрбір үміткерге қолжетімді екенін айтты.
Турнирде қарсыластар мықты болғанымен орын алатыныма сенімді болып бардым дейді жас спортшы.
«Мен барған турнир күрестен халықаралық деңгейде ұйымдастырылған алғашқы ірі жарыстардың бірі болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылардың мықты қарқынын бірден байқадым. Десе де, алғаш жарысқа барған сәтте үздік үштіктің қатарына кіретініме күмәнім болмады. Себебі, бұл мен үшін үлкен мүмкіндік еді. Өзімді көрсетуге бардым. Бұдан бөлек джиу-джитсу мен самбодан Қазақстан чемпионы атағым бар.
«Болашақ» қоры әр салада өзін көрсетіп жүрген жастарға шетелде ұйымдастырылатын ірі жарыстарға баруға мүмкіндік береді. Аталған жоба болмаса, өз қаражатыңмен басқа елге шығу қиын. Жол жүру грантына көптеген жас спортшылар сияқты мен де өтініш жаздым. Менің өтінішім уақытында қаралып, Лавияға баруға мүмкіндік алдым», - дейді ол.
Спортшы музыкаға жақын екенін, сабақ пен жаттығудан босаған уақытта гитарада ойнауды үйреніп жүргенін айтады.
«Спорттан бөлек ән тыңдаған ұнайды. Соңғы кезде музыкалық құралдарға қызығып жүрмін. Алдағы уақытта гитарада ойнап үйренгім келеді. Қандай іспен айналыссам да спортты қатар алып жүруге тырысамын. Болашақта Олимпиада ойындарының чемпионы атанғым келеді. Өзімді осы бағытта шыңдай беремін», - дейді Арыстан.
Арыстан өз қатарластарына қарағанда ірі, алып денелі. Әкесі Батыр Айтмолдин оның ауыр салмақта күресетінін айтады. Баласының күнделікті режимін де өзі құрады және оның қатаң сақталуын қадағалайды.
«Ұлымды бес жасынан бастап спортқа дайындадым. Оған әрдайым спорт әлсіздерді жақтырмайтынын, спортшы болу үшін үлкен сабырлық пен күш керек екенін айтып отырамын. Сондықтан жаттығуынан мүлдем қалмауға тырысады. Ұлым 100 келіден жоғары салмақта күреседі. Күніне үш сағаттан артық жаттығады. Таңғы алтыдан кешкі 11 жарымға дейін оның күні жоспарланып қойған. Сабағына барады, жаттығуына кетеді.
Арыстанның алдында үлкен ұлым бар. Ол да спортпен кәсіби түрде айналысады. Балаларымның таңдауын әрдайым қолдаймын. Оның үстіне, Арыстан қай жерде болмасын бірінші болғанды жақсы көреді. Бұл мінезі оның біраз шыңды бағындыруына көмек береді деп ойлаймын.
Жыл өткен сайын жас спортшыларға жағдай жасалып келеді. Олардың талантын ашып, шабыттандыру үшін түрлі жобалар жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, жас спортшыларды қаржыландыруды одан әрі күшейту керек деп ойлаймын. Спортта жоғары көрсеткіш көрсетіп жүрген барлық бала шетелге шығып, әлемдік деңгейдегі ірі додаларды көзбен көрсе, болашақта ол баладан үлкен спортшы шығары сөзсіз. Тек қолдау мен мүмкіндік болса болғаны», - дейді Батыр Айтмолдин.
«Болашақ» корпоративтік қорының ұйымдастырып отырған жол жүру гранттарына мектеп оқышыларынан бөлек, балалар үйі мен интернат мекемелерінің түлектері, студенттер, жас мамандар және басқа да балалар қатыса алады. «Жол жүру гранттары» жобасы «Болашақ» корпоративтік қорының қысқы қайырымдылық балы арқылы жүзеге асады.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін Қор арқылы талантты балаларға барлығы 80 грант берілген. Алты жыл ішінде 100-ден астам өтініш хат түскен. Грант ұтып алған жасөспірімдер әлемнің 20 елінде 29 біріншілікке қатысып, бағын сынаған.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан