Солтүстік Корея Пекин олимпиадасынан шеттетілді - ХОК
Халықаралық олимпиада комитеті шеттету мерзімін қайта қарау құқығына ие
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Корей халық демократиялық республикасын 2022 жылдың соңына дейін шететті. Демек, Солтүстік Корея спортшылары алда Пекинде өтетін қысқы олимпиада ойындарына қатыса алмайды.
Пекинде қысқы олимпиада ойындары 2022 жылдың 4-20 ақпаны аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.
Солтүстік Корея спортшыларының Пекин олимпиадасынан шеттетілуіне КХДР-дың биыл 23 шілдеден 8 тамызға дейін өткен Токио олимпиадасына қатыспауы басты себеп болып отыр. Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бахтың айтуынша, КХДР хартияны бұзып, өз міндеттерін орындамаған.
«Біз КХДР-ді 2022 жылдың соңына дейін шететту жөнінде шешім қабылдадық. ХОК шеттету мерзімін қайта қарау құқығына ие. КХДР ұлттық олимпиадалық комитеті шеттетілу кезінде ХОК бағдарламасын жүзеге асыруға немесе оның қолдауына ие бола алмайды. Егер КХДР спортшылары Бейжіңдегі Олимпиада ойындарына іріктеуден өткен жағдайда, ХОК атқару комитеті уақыт өте келе осы атлеттерге қатысты сәйкес шешім қабылдайды», - деді Томас Бах.