Паралимпиада: Давид Дегтярев Қазақстан қоржынына алтын медаль салды
Давид Дегтярев 174 келіні бағындырды
Бүгін Токио Паралимпиадасында пауэрлифтингтен жарыстар басталды. Ел атынан сынға түскен Давид Дегтярев (54 келі) алтын медаль жеңіп алса, 45 келі салмақ дәрежесінде Алина Солодухина жалпы есепте бесінші орын алды.
Давид Дегтярев пен Алина Солодухина - әзірге Паралимпиадада өнер көрсеткен алғашқы қазақстандық спортшылар.
Давид Дегтярев бірінші мүмкіндігінде 170 келі зілтемірді көтерсе, екінші мүмкіндігінде 172 келіні, үшінші мүмкіндігінде 174 келіні бағындырды.
Ал, үздік бестікке енген Алина Солодухина 82 келіні бағындырды.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жазғы паралимпиада тарихында осымен екінші алтын медаль алды. 2016 жылы Риода жүзуден Зүлфия Ғабидулина чемпион атанған еді.
Токио Паралимпиадасы 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді. Паралимпиада ойындарында ел намысын спорттың 7 түрінен 26 спортшы қорғайды.
Олимпиада мен Паралимпиада спортшыларына мемлекет тарапынын сыйақы мөлшері бірдей тағайындалады. Атап айтсақ, бірінші орын алған спортшыға 250 мың доллар, екінші орынға 150 мың доллар және үшінші орынға 75 мың доллар мөлшерінде сыйақы төленеді.