«Астана» футбол клубының қарызы 4,2 млрд теңгеге жеткен
Клубтың 2021 жылға арналған бюджеті – 5 млрд теңге
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мемлекет тарапынан кәсіби клубтарды қаржыландыруды қысқартуды және бюджетті бұқаралық спортты дамытуға бағыттауды ұсынды.
Кейіннен дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс қаражатты бөлудің бірыңғай операторы ретінде ҚР Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры (Sport Qory) бекітілді. Ал 2021 жылдың жазында Қордың қарамағына құрамына «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велокомандасы және «Барыс» хоккей клубы кіретін «Астана» кәсіпқой спорт клубы берілді.
Осы ретте «Астана» кәсіби спорт клубының болашағы қандай болатынын Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының директоры Асхат Сейсембек айтып берді.
«Бүгінде біз Олимпиада бағдарламасына кіретін 44 федерацияны қаржыландырамыз. Егер пайызбен айтар болсақ, Қор арқылы бөлінетін қаражаттың 72%-ы олимпиадалық спорт түрлерін қаржыландыруға, 5% паралимпиадалық спорт түрлеріне, 10%-ы ұлттық спорт түрлерін қаржыландыруға және 13%-ы бұқаралық спортқа бөлінеді», - деді директор.
Осыдан біраз уақыт бұрын «Астана» кәсіпқой спорт клубының ликвидацияға ұшырайтыны жөнінде шешім қабылданып, бұл жаңалық қоғамда дүрбелең туғызды. Алайда жақында «Астана» КСК Қордың қарамағына өткені туралы ақапараттар тарады.
«2021 жылдың маусым айының соңында Қор клубтың құрылтайшысы болып бекітілді. Бұл көп деңгейлі қаржыландыру режимінен арылу үшін жасалған шешім. Ал, жалпы «Астана» кәсіпқой спорт клубының алдағы тағдыры бойынша түпкілікті шешім 2021 жылдың соңына қарай қабылданады. Негізі мынаны түсініп алған абзал. Кәсіпқой спорт клубының өзегі – оның клубтары. Атап айтқанда, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы және «Астана» велокомандасы. Велокомандадан басқа клубтарды өз қарамағымызға алдық, яғни біз қазір олардың құрылтайшысымыз. Бұл клубтарды қаржыландырудың көп деңгейлі жүйесінен біржола құтылу үшін жасалған шешім», - деді Асхат Сейсембек.
Алайда «Астана» велокомандасы Қордың тікелей қарамағына кірмейді. Өйткені, 2020 жылдың желтоқсанында акцияларының 50%-ы канадалық компанияға сатылған. Өткен аптада бұл акциялар қайтадан қазақстандық иелікке өткен екен.
«Акцияларды қайтару процессі ұзаққа созылып кетпес үшін оларды тікелей Кәсіпқой спорт клубына беру туралы шешім қабылданды. Өйткені велокоманданың басқа 50%-ның иесі – «Астана» КСК. Ең бастысы, қазақстандық тарап және канадалық компания жылдам түсіністікке келіп, процесс тыныш әрі тез аяқталды», - деді қор басшысы.
Маусым айында танымал велошабандоз Александр Винокуровтың «Астана» клуубынан кетуі отандық спорт жанкүйерлері арасында дүрбелең туғызды. Алайда спортшы қызметіне қайта оралды.
«Александр Винокуров, өкінішке қарай, «Тур де Франс» басталар алдында велокомандадан шеттетіліп қалған еді. Бұл туралы бүкіл қазақстандық және еуропалық спорт баспасөзі жазды. Кейін велокоманданың 100% акциясы қазақстандық тарапқа қайтарылған соң Винокуровты қайта қызметіне шақырдық», - дейді қор директоры.
Асхат Сейсембек өзге де клубтардың бүгінгі қаржылық жай-күйін ашып айтты. Әсіресе, «Астана» футбол клубының қарызға белшесінен батқаны мәлім болды.
«Футбол клубындағы жағдайға тоқталған дұрыс шығар. Жеткілікті түрде қаржыландырылып тұрғанына қарамастан, соңғы екі жылда «Астана» футбол клубының қарызы 4,2 млрд теңге сомасына жеткен. Бұл қарыздар бойынша жақын уақытта толыққанды ақпарат беріледі. «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» баскетбол клубына келетін болсақ, оларда жұмыс механизмі ретке келтірілген. Бұл клубтардың ұлтаралық лигаларда өнер көрсететінін білесіздер. Сондықтан, командалар Қазақстанның ішкі стандарттарына ғана емес, ұлтаралық лигалардың да стандарттарына толық сәйкес келеді», - деді Асхат Сейсембек.
Еліміздің футбол клубтарын әдетте әкімдіктер қаржыландырса, «Астана» футбол клубы тікелей министрліктің қаржысына тәуелді. Бірақ, белгіленген лимиттерге қарамастан, «Астана» футбол клубының бюджеті еліміздегі басқа клубтарымен салыстырғанда бірнеше есеге көп. Соған қарамастан қарызы да аз емес.
«Клубтың 2021 жылға арналған бюджеті – 5 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға аз. Әлі де 4,2 миллиард қарызы бар. Бұл қарыздардың пайда болу себептерін және тиісті тұжырымдарды нақты анықтамай, ешкім ақша төлемейді. Ал келесі жылы шығындар қысқартылуға тиіс екенін атап өткім келеді. Енді бұдан былай «Астана» сияқты алпауыт клубтың қаржыландырылуы мен болашағы клубтың менеджерлік қабілетіне байланысты болады», - деп нақтылады Туризм және спорт индустриясын қолдау қорының директоры.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан