Александр Винокуров «Астана» велокомандасындағы қызметіне қайта оралады
«Астана» командасы келесі маусымда да жарыстарға қатысады

«Астана» велокомандасының 2022 жылғы әлемдік турларға қатысу мәселесі толық шешілді. Команданың Қазақстандағы серіктестері келесі маусымда акционер және титулдық демеуші ретінде жобаны қолдауды жалғастырады. Бұл туралы Astana-Premier Tech сайтында хабарланды.
2022 жылы Александр Винокуров велокоманданың жетекшісі ретінде қайта оралып, велошабандоздар мен қызметкерлердің тізімін, сондай-ақ жобаның барлық спорттық іс-шараларын қабылдауды жауапкершілігіне алмақ.
Қазір команда велоспорттан әлемдік жоғарғы лигасындағы 17-ші маусымына дайындық жүргізіп жатыр. Сондай-ақ жақында команда жаңа велошабандоздармен келісімшартқа отырмақ.
Еске сала кетейік, Тур де Франс турнирінің басталуына үш күн қалғанда «Астана» велоклубын ұзақ жылдар бойы басқарған Александр Винокуров қызметінен босатылды.
Мәдениет министрлігі Astana-Premier Tech пен Александр Винокуров арасындағы жайдан бейхабар болып шықты.