$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.08.2021, 13:38
Спорт

Паралимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері олимпиада жүлдегерлерімен теңдей

Дзюдодан жеңіп алған лицензиялар саны Рио Паралимпиадасынан 3 есе көп

Паралимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшері олимпиада жүлдегерлерімен теңдей

Биылғы Жазғы олимпиада ойындарындағы Қазақстан ұлттық құрамасының көрсеткіші ел үмітін ақтай алмады. Халық пен қоғам белсенділері ғана емес, сондай-ақ Мемлекет басшысы да бұл салаға тиімді реформаның қажет екенін баса айтты. Ал паралимпиаданың жай-күйі байрақты бәсекеден кейін белгілі болмақ. Дегенмен, Ұлттық паралимпида комитетінің өкілдері жеңістен үмітті екенін жеткізді.

«Паралимпиада ойындары - бұл жоғары жетістіктер спорты. Бұл жарысқа жолдама алудың өзі - үлкен мәртебе. Токиоға жолдама алу үшін біздің спортышалар талай сындардан өтіп, талай додалардан жеңіс әкелді. Біз үшін олар қазірдің өзінде жеңімпаз. Әрине Паралимпиада ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген спортшылар ғана қатысады. Қарсыластарымыз мықты, дегенмен біздің спортшыларда осал емес. Біз жеңістен дәмеліміз», - деді Ұлттық паралимпида комитетінің бас хатшысы Ерлан Сүлейменов.

Биыл паралимпиадашылардың байрақты бәсекесінде Қазақстан атынан 25 спортшы 7 спорт түрінен өнер көрсетеді. Оның ішіндегі кейбір жарыс түріне еліміз алғаш рет жолдама алған екен.

«Жүзуден 7, дзюдодан 6, пауэрлифтингтен 5, таеквондодан 3 жолдама және жеңіл атлетикадан 2 жолдама ұтып алды. Оған қоса, пара-каноэ және нысана көздеп ату спорт түрлері бойынша Паралимпиадалық ойындарға алғаш рет Қазақстан атынан спортшылар жолдама алды», - дейді Ерлан Сүлейменов.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Олимпиада спортшыларының дайындығына 100 млрд қаражат жұмсалғандығы туралы ақпарат тарады. Алайда бұл ретте паралимпиадашыларға қанша теңге бағытталғаны әзірге белгісіз.

«Ұлттық Паралимпиада комитетінің негізгі міндеттерінің бірі мүгедектігі бар спортшылардың Паралимпиадалық ойындарға және басқа да халықаралық спорттық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету. Бұған мемлекет тарапынын және демеушілердің қолдауымен бөлінген қаражат жұмсалады. Әр жылдың соныңда Ұлттық паралимпиада комитеті ашық ресурстарда жылдық есебін береді. Есеп бойынша спортшылардың дайындығына және халықаралық жарыстарға қатысуына қанша қаражат бөлінгені туралы ақпарат алуыңызға болады», - деді Ұлттық паралимпида комитетінің бас хатшысы.

Ал дүбірлі додадан жүлдемен оралған спорт саңлақтарына ел билігі олимпиада жүлдегерлерімен теңдей сыйақы бермек.

«Олимпиада мен Паралимпиада спортшыларына мемлекет тарапынын сыйақы мөлшері бірдей тағайындалады. Атап айтсақ, бірінші орын алған спортшыға 250 мың доллар, екінші орынға 150 мың доллар және үшінші орынға 75 мың доллар  мөлшерінде сыйақы төленеді», - деді Сүлейменов.

Бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде паралимпиада спортшыларының соңғы оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Ал 20 тамызда спортшылар Токиоға аттанады.

«Пара-жүзуден құрама командасы Тараз облысында «Атлетик» спорт базасында жаттығып жатыр, пара-дзюдо құрамаасы Алматы облысы Байтерек ауылында олимпиадалық дайындық орталығында, ал қалған спорт түрлері бойынша құрама командалар Алматы облысы Ақбұлақ ауылындағы олимпидалық жаттығу орталығында дайындық жұмыстарын өткізіп жатыр. Оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру барысында ең бастысы мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына бейімделген спорт жабдықтарының бар болуына байналысты анықталды. Паралимпиада ойындарының алдындағы оқу-жаттығу жиынына келген бойда, барлық қатысушылар ПТР-тест тапсырып, үш күндік карантинде болды. Біз спортшылардың денсаулығына аса көңіл бөліп жатырмыз. Covid-19 вирусына қарсы барлық шараларды қадағаланды», - деді Ерлан Сүлейменов.

ДЗЮДОДАН ЖЕҢІП АЛҒАН ЛИЦЕНЗИЯЛАР САНЫ РИО ПАРАЛИМПИАДАСЫНАН 3 ЕСЕ КӨП

Биылғы олимпиада ойындарында дзюдошы Елдос Сметов кезекті рет жарқырады. Жалпы паралимпиадашыларымыз да дәл спорт түрінен да көп үміт күттіреді. Бұл спорт түрінен Токиоға 6 пара-дзюдошы аттанбақ. Олар Жанбота Аманжол (90 кг), Теміржан Дәулет (73 кг), Әнуар Сариев (60 кг), Ғалымжан Смағұлұлы (81 кг), Даяна Федосова (57 кг) және Зарина Байбатина (70 кг). Спортшылардың әрбірі халықаралық додалардың жеңімпаздары. Мәселен, Теміржан Дәулет өткен жылы Тблисиде өткен Әлем кубогін жеңіп алған, ал Әнуар Сариев Рио паралимпиадасының қатысушысы.

«Біздің басты мақсатымыз Қазақстан туын көкке көтеріп, еліміздің ән-ұранын өзге елдердің арасында шырқату. Осы ойындарға жолдама алу үшін спортшыларымыз талай сындардан өтіп, талай додалардан жеңіп шықты. Тек осы 2021 жылдың жетістіктерін алатын болсақ, Аманжол Жанбота, Смағұлұлы Ғалымжан және Федосова Даяна Ұлыбританияда өткен Гран-При жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Баку қаласында өткен Гран-Приде Ануар Сариев пен Жанбота Аманжол үздік өнер көрсетіп, қола жүлделерге ие болды. Ал, Зарина Байбатына мен Ғалымжан Смағұлұлы Анталия қалысында өткен халықаралық турнирден алтын мен күміс медальді қанжығасына байлап әкелді. Бұл тек осы жылдың ірі жетістіктері ғана. Жетістіктерін айта берсек толып жатыр. Сондықтан алдағы Паралимпиада ойындарына әрқайсысына артатын үмітім зор», - деді Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Жандос Қиянов.  

Бас жаттықтырушының айтуынша, бүгінде дзюдо барлық елдерде қарқынды дамып келеді. Сондықтан да дәл осы спорт түрінің паралимпиадада тартысты өтетіні сөзсіз.

 «Жалпы Паралимпиада ойындарына әлемдік рейтинг бойынша ең мықты деген спортшылар ғана қатысатыны белгілі. Ішінде осалы жоқ. Ең бастысы, біздің спортшылар ешкімнен де кем емес және жоспар бойынша жақсы дайындалып жатқандығын ғана айта аламын», - деді Жандос Қиянов. 

Қазақстанда Пара-дзюдо федерациясы 2015 жылы құрылған. Қазір еліміздің 11 облысы мен 3 қаласында 29 бапкердің қол астында 100-ден астам спортшы дайындалып жүр. Бұл бағыттағы спортшылардың жетістіктері де аз емес.

«Командалық есеппен ҚР пара-дзюдо құрама командасы 2017 жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатының және 2018 жылы Джакартада өткен Азия Пара ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал, 2019 жылы өткен Азия чемпионатының командалық ессеппен алғанда жеңімпаз атанып, бас жүлдеге қол жеткіздік. Пара-дзюдо спортының дамуын осы келе жатқан Паралимпиада ойындарына ұтып алған жолдама саны арқылы да көруге болады. 2016 жылы Риода өткен Паралимпиада ойындарына 2 балуанымыз барса, Токиоға ойындарына 6 палуан жолдама алды», - деді Жандос Қиянов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары