Назым Қызайбайдың не себепті Олимпиадаға бармағаны белгілі болды
Токиоға боксшы қыздардан тек Надежда Рябец қана жолдама алды
Назым Қызайбайдың әлемдік рейтингтегі көрсеткіші төмен болғандықтан Олимпиада ойындарына бара алмады. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, Серік Сәпиев ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Серік Сәпиевтің айтуынша, Назымның Токиодағы Олимпиада ойындарына лицензия алуына мүмкіндігі болды. Алайда, пандемияға байланысты федерацияның жоспары жүзеге аспай қалған.
«2019 жылы Олимпиада ойындарына іріктеу жүріп жатқан кезде Назым Қызайбай Азия және әлем чепионатына қатысып жатты. Өкінішке қарай, ол жарыстарда Назым ешқандай жүлде ала алмады. Сонымен қатар, Ангелина Лукас жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ол халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып жүрді. Жаттықтырушылар құрамы халықаралық лицензия турниріне соны апаруды жөн көрді. Өкінішке қарай, ол лицензия ала алмады. Келесі іріктеу ел чемпионатында өткізілді. Ол жерде Назым Қызайбай жеңіске жетті. Осылайша, біз оны 2021 жылы Парижде өтуге тиіс болған лицензиялық турнирге барады деп жоспарладық. Алайда, пандемияға байланысты ол турнир өткізілген жоқ. Нәтижесінде іріктеу рейтинг бойынша жүргізілді. Бірақ ол рейтингте Назымда жақсы көрсеткіш болмады», - деді Серік Сәпиев.
Еске салайық, Токио Олимпиадасына аттанған қазақстандық 9 боксшының (қыздардан Надежда Рябец) екеуі ғана жартылай финалға жетіп, қалғаны жарыстан ерте шығып қалды. Бірде-бір қазақстандық боксшы алтын медаль түгіл, финалға жете алмай, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең бір сүреңсіз Олимпиада өткізді.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан