ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Алдағы әлем чемпионатына Олимпиадаға барған боксшылардың 80 пайызы қатыспайды - Бақтияр Артаев

ҚР құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Токиодағы көрсеткішке «өте нашар» деген баға берді

Бекзад Нұрдәулетов, фото: olympic.kz

Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен кейін боксшыларымыздың дайындық кезеңі мен тамақтану рационы өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Олимпиада чемпионы, Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, бокстан ҚР құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев ОКҚ-да өткен брифингте айтты.

Артаев Токиода өнер көрсеткен спортшылардың көрсеткішін нашар деп бағалады.

«Барды бар деп айту керек. Бұл - өте нашар көрсеткіш. Бұл жерде ешкім ешкімді ақтайын деп жатқан жоқ. Жігіттер қолынан келгенінің бәрін істеді. Біз әдеттегідей бас бапкерге сендік. Бұл жерде мен барлық жүкті бас бапкердің мойнына артып, өзімізді сүттен ақ, судан таза етуден аулақпын. Шын мәнісінде жүйелі жұмыс жасалды. Спортшылар барлық жарыстарға барды, оқу-жаттығу жиындары өтті. Дегенмен, болатын нәтиже болды. Өкінішке қарай, Риодағыдай нәтиже бере алмадық. Енді қазір сараптама жұмысын жүргізу керек», - деді Бақтияр Артаев.

ҚР құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы қоғам арасында пайда болған пікірлерді де ескере келе, Ұлттық құраманың тізімі өзгеретінін мәлімдеді.

«Олимпиадаға тиісті спортшылар барған жоқ деген мәселер туындады. Осыған байланысты нақты шешімдер қабылдап, Сербияда өтетін әлем біріншілігіне баратын Ұлттық құраманың тізімін толықтай өзгертіп, жақсы командамен барып, тиісті нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамын. Ұлттық құрамадағы Олимпиадаға барған құраманың 80 пайызға өзгереді. Бізде резерв те бар, өсіп келе жатқан жастар да бар. Кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де бар, олардың барлығы келуге дайын. Бәрімен келіссөздер жүргізілді», - деді ол.

Сондай-ақ, алдағы уақытта спортшылардың күн тәртібіне де өзгерістер енгізілуі мүмкін.

«Біз әлі кеңестік заманның дайындығынан арыла алмай келе жатырмыз. Өйткені, күніне 3 мезгіл дайындықтың өзі жігіттерге ауыр тиіп жатыр. Сондықтан бәлкім дайындық кезеңін өзгертеміз. Бапкерлердің мәселесін қарастырамыз. Сондай-ақ, спортшылардың жейтін тағамдарын да өзгертетін шығармыз», - деді Бақтияр Артаев.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан