Үкімет Олимпиадаға спортшыларды дайындау үшін 100 млрд теңге жұмсаған – Арман Шораев

Автор: Azattyq Rýhy

Қоғам белсендісі Мәдениет және спорт министрлігін тарату керек деп есептейді

Фотоколлаж

«Қазақстан барысы» жобасының авторы Арман Шораев Токио Олимпиадасына қатысу үшін отандық құрамаға жұмсалған шығынның тым көп екенін сынға алды. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жариялаған видеосында айтты.

Қоғам белсендісі статистикалық мәліметтерді қайдан алғанын айтқан жоқ, бірақ үкіметтің олимпиада спортшыларының дайындығына 100 млрд теңге жұмсағанын мәлімедеді.

«Қазір біз Олимпиада ойындарында үш медельға қол жеткізіп отырмыз. Әр медальдің құны 75 млн доллар. Бұл сома қайдан шықты десеңіздер түсіндіріп берейін. Соңғы үш жылда спортшыларды олимпиадаға дайындау үшін біздің үкімет шамамен 100 млрд теңге жұмсады. Долларға шаққанда 250 миллионның шамасында. Осы соманы 3 медальға бөлсек, жоғарыда айтқан 75 млн доллар шығады. Егер де осы жұмада тағы бір медаль алсақ, онда бір медальдің құны 65 млн доллар болады. Бұл ысырап емес пе? Біздің ел үшін мүлдем керек емес шығын», - деді Шораев.

Шораев өзінің видеоүндеуінде мұндай ысырапқты тоқтату үшін Мәдениет және спорт министрлігін тарату туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ, қоғам белсендісі қазақстандық өнерпаздардың аталған ведомствоның көмегінсіз-ақ әлемге танымал болып жатқанын алға тартты.

«Жалпы, дамыған елдерде мұндай министрлік жоқ. Біздің Димаш, Иманбек, жуырда ғана Славян базарында гран-при иеленген қарындасымыз министрліктің көмегінсіз-ақ әлемді мойындатып жатыр. Біздің мәдениетіміз дамып келе жатыр. Сондықтан ондай министрлік бізге керек емес. Ондай министрлік біздің елге шығыннан басқа түк әкелмейді», - деді Шораев.

Арман Шораев еліміздің екі өңірінде шаңғышылыларға арнап салынған трамплиннің де шығынын еске салды.

«Сол екі трамплинге біз 2 млрд доллар жұмсадық. 2 млрд доллар деген - Қырғызстан мен Тәжікстанның бір жылдық бюджеті. Бізде сол спорт түрімен көп болса 100 адам айналысатын шығар. Сол 100 адамға бола біз 2 млрд доллар жұмсадық. Сондықтан да мен бұл министрлікті жоюды ұсынамын», - деді Арман Шораев.

Биылғы Олимпиада ойындарындағы қазақстандық спортшылардың сәтсіздігін саясаттанушы Талғат Қалиев те сынға алды. Оның пікірінше, спорт саласын бүгінде кәсіби мамандар емес, қалталы азаматтар басқарып отыр.

«Жаттықтырушылар мен спортшылар олардың қыңыр қылықтарының құрбанына айналып отыр, ал спортты дамытуға бөлінген ақшаның шығыны қайда жұмсалып жатқаны белгісіз, ашықтық жоқ, былай айтқанда мақсатсыз жұмсалуда. Біздің еліміздегі барлық ауқатты азаматтардың айтарлықтай саяси салмағы бар, сондықтан да олар саяси актерлар. Ал спорт саясаттан тыс болуы керек», - деп жазды Талғат Қалиев өзінің Facebook парақшасында.

Сонымен қатар, саясаттанушы олипиада спортшыларының әрбір жеңілісі үшін лауазымды тұлғалар халық алдында жауап беруі керектігін айтты.

«Спортпен кәсіби мамандар айналыссын. Олай болмаған жағдайда, спортшылардың әрбір жеңілісі үшін жауап беріңіздер. Бюджеттен бөлінген қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды? Неліктен Токиоға дәл осы құрама іріктелді? Сондай-ақ, әрбір сәтсіздік толығымен сіздердің жауапкершіліктеріңізде екенін мойындаңыздар», - деп жазды Талғат Қалиев.

Айта кетейік, 4 тамызда боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Қазақстан қоржынына төртінші қола медальді салды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан