$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.07.2021, 21:13
Спорт

Токио – 2020: Қазақстандық паралимпиадашылар спорттың жеті түрінен 25 жолдама жеңіп алды

Пара-спортшылар 20 тамызда Жапония астанасына ұшады

Токио – 2020: Қазақстандық паралимпиадашылар спорттың жеті түрінен 25 жолдама жеңіп алды

Пандемияға байланысты Токиодағы жазғы Олимпиада ойындары бір жылға кешігіп, биыл өтіп жатыр. Қазір жарыстың қызған шағы. Әлемнің 200-ден астам елінен 11 мыңға жуық спортшы Жапония астанасына жиналып, өзара мықтыны анықтауда. Олардың арасында Қазақстанның намысын қорғап жатқан 97 спортшы да бар.

Дәстүр бойынша Олимпиада ойындарынан кейін тағы бір маңызды дода өтеді. Ол – жазғы Паралимпиада ойындары. Қазір қазақстандық паралимпиадашылар өз кезегін күтіп, дайындықтарын пысықтауда. Жарыс жақындағанда олар да Токиоға ұшып кетеді. Azattyq Ruhy тілшісі айтулы жарысқа қатысатын спортшылардың дайындығы қандай екенін білді.

Токио-2020 Қазақстандық спортшылар қатысатын алтыншы Паралимпиада ойыны. Биылғы Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді. Еліміздің намысын спорттың жеті түрі бойынша 25 пара-спортшы қорғайтын болады.

Қазақстандық паралимпиадашылар жүзу бойынша жеті лицензия, дзюдо – алты, пауэрлифтерлердің есебінде бес лицензия, таеквондошылар – үш және жеңіл атлеттер екі лицензия жеңіп алған.

Айта кететін жайт, қазақстандық пара-спортшылары биыл каноэде жүзу және оқ ату сияқты спорт түрлерінен алғаш рет жолдама жеңіп алды.

Паралимпиада ойындарына жолдама алған спортшылардың дайындығын Ұлттық құрама мүшесі, пара жүзуден 2018 жылғы Азия пара ойындарының чемпионы, 2021 жылғы Әлем кубогі сериясының күміс жүлдегері, Еуропа Чемпионы елордалық Сиязбек Далиевтен сұрап білдік.

Спортшы қазір Ыстықкөлдегі спорттық базада дайындалып жатқанын айтты. Жарыс жақындаған сайын дайындық күшеюде дейді ол.

«Токио-2020 Паралимпиадасына дайындық күшейтілген режимде жүріп жатыр. Қазір ең маңызды күрделі оқу жаттығу жиынындамыз. Ұлттық құрама мүшелерімен Ыстықкөлдегі спорттық базада дайындалып жатырмыз. Дайындық жақсы, бәрі жоспар бойынша келе жатыр. Пандемияға байланысты біраз іріктеу мен жарыстарға бара алмай қалғанымыз болмаса бәрі жақсы», - дейді спортшы.

Сиязбек бала кезінде мамандардың салғырттығынан тоққа түсіп, екі қолынан айырылған. Жүзумен 2008 жылдан бері кәсіби түрде айналысып келеді. Ол пандемия уақытында карантиндік шектеулер дайындыққа әсер еткенін жасырмады. Десе де, бапты жоғалтпауға барынша тырыстық дейді.

«Өзіңіз білесіз, пандемия уақытында бассейндер жабық болды. Бұл әрине, біздің бұрынғыдай жайбарақат дайындығымызға кедергісін келтірмей қоймады. Біраз уақыт үйдегі жаттығулармен шектеліп қалдық. Токиоға тамыздың 20-сы күні жолға шығамыз. Әзірге қызу дайындық үстіндемін. Жарыс алдында тек өзіме және өзімнің дайыдығыма сенемін, себебі осындай үлкен додада дайындықпен тәжірибе өте қажет», - дейді Сиязбек Далиев.

Ол Паралимпиада алдында Ұлттық құрама мүмкіндіктеріне де тоқталды.

«Жарыста бізде таңда финалға іріктеу болады және кешке финал өтеді. Сол аралықта толық демалып алу қажет. Су ішінде шаршап қалмау жылдар бойы істелген жұмыс пен жаттығуға байланысты. Ұлттық құраманың медаль алуға мүмкіндігі толық жетеді. Себебі, ол олимпиадада рейтингтің төменгі сатысындағы спортшы да чемпион болып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан жарысқа барған әрбір спортшыда медаль алуға мүмкіндік бар. Жарыс алдында барлық жағынан қолдау көрсетіп жатқан өзіміздің спорт мектепке және Нұр-Сұлтан қаласы спорт басқармасына алғысымды білдіремін», - деді Сиязбек.

Қазақстандық пара спортшылар алғаш жолдама алған пара каноэ спортынан еліміздің намысын Бибарыс Спатай қорғайтын болады. Ал, оқ атудан Айсұлу Жұмабаева барады. Қазір екі спортшы да күшейтілген режимде дайындалып жатыр.

Паралимпиада ойындарына ұлттық құрамадан жүзу бойынша жеті спортшы барады. Олар: Ержан Сәлімгереев, Нұрдаулет Жұмағали, Зульфия Габидуллина, Сиязбек Далиев, Әлия Рахымбекова, Нұрали Советқанов, Роман Агалаков. Жеңіл атлетикадан: Дастан Мұқашбеков, Салтанат Әбілқасымқызы барады. Дзюдодан: Ғалымжан Смағұлұлы, Теміржан Дәулет, Жанбота Аманжол, Зарина Байбатина, Даяна Федосова, Әнуар Сариев; Таеквондо: Нұрлан Домбаев, Нышан Өмірәлі, Кәмиля Досмалова. Пауэрлифтингтен: Рахмеджан Хамаев, Давид Дегтярев, Раушан Койшыбаева, Гульбану Абдыхалықова, Алина Солодухина барады.

Паралимпиадада Қазақстан құрамасының туын таеквондодан екі дүркін Әлем чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы, Еуропаның екі дүркін чемпионы Нұрлан Домбаев көтеретін болады.

Атап өтетін тағы бір маңызды жайт, соңғы 25 жылда Қазақстан алғаш рет Паралимпиадалық ойындарға 20-дан астам спортшыны жіберіп отыр. 1996 жылы Атлантада Қазақстаннан 12 паралимпиадашы барса, 2000 жылы Сиднейде – екі, Афинада (2004) – сегіз, Пекинде (2008) – үш, Лондонда (2012) – жеті, Риода (2016) – 10 спортшы барса, биыл Қазақстаннан 25 спортшы Токио-2020 жазғы Паралимпиада ойындарына қатысатын болады.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Паралимпиада