Токио-2020: Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда жеңілді

Ол Қазақстан қоржынына қола медаль салды

Токио-2020: Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда жеңілді
Prosports.kz

Бокстан аса ауыр салмақтағы қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев америкалық Ричард Торрестен жеңіліп, финалға жолдамадан айрылды. Ол енді Олимпиада ойындарының қола медалімен елге оралады.

Жекпе-жек үшінші раундтың орта тұсында аяқталды. Қарсыластың соққысынан Қамшыбектің мұрын тұсының терісі жыртылып қан тоқтамағандықтан, төрешілер кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Екі раунд бойы америкалық боксшы есепте алда тұрғандықтан, жеңіс тиісінше соған берілді.

Айта кетейік, жекпе-жектің бірінші раундында боксшылар тең өнер көрсеткенімен, екінші раундта Ричард Торрез жерлесімізге бірнеше ауыр соққысын дарытып, төреші нокдаун ашты. Үшінші раундта да америкалықтың ерекше белсенділігі байқалған.

Осылайша, бокстан Қазақстан құрамасында Олимпиада ойындарын тек Сәкен Бибосынов (52 кг) қана жалғастырады. Жартылай финалдық кездесуін ол 5 тамызда өткізеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.