Бүгін, 11:06
Спорт

«Ордабасының» бас бапкері тарихи маусымынан кейін қызметінен кетіп қалды

«Ордабасы» биыл ел чемпионы атанып, Қазақстан кубогын жеңіп алды

«Ордабасының» бас бапкері тарихи маусымынан кейін қызметінен кетіп қалды
Фото: «Ордабасы» ФК

Шымкенттің «Ордабасы» футбол ұжымының бас бапкері Андрей Мартин командадағы тарихи жетістігінен кейін қызметінен кетіп қалды. Бұл туралы команданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Ордабасы» футбол клубының мәліметінше, екі тарап өзара келісім бойынша келісімшартын ұзартпау туралы шешім қабылдады.

Айта кетерлігі, Андрей Мартин 2024 жылдың желтоқсанында «Ордабасының» бас бапкері атанып, алғашқы маусымында-ақ команданы Қазақстан кубогының финалына алып шықты.

Ал 2026 жыл Шымкент клубы үшін тарихи маусым болды. «Ордабасы» биылғы маусымда Қазақстан чемпионы атанып, ел кубогын да жеңіп алды. Осылайша клуб өз тарихында алғаш рет алтын дубль жасады.

«Ордабасы» футбол клубы Андрей Михайловичке атқарған еңбегі, кәсіби біліктілігі және команданың жетістіктеріне қосқан зор үлесі үшін шынайы алғыс білдіреді. Андрей Мартин «Ордабасының» жаңа тарихын жазуға атсалысып, клуб шежіресінде өшпес із қалдырды. Команданы тұңғыш алтын дубльге жеткізген бас бапкердің есімі клуб тарихында мәңгі сақталады. Андрей Михайловичке алдағы бапкерлік жолында толағай табыс пен жаңа жеңістер тілейміз!» – деп жазды команданың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, «Ордабасы» биыл кәсіпкер Шахмұрат Муталип иелігіне берілген. Осыған байланысты биыл 16 ақпан күні қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшылығы келісім жасаған.