Екі алтын, екі қола: Қазақстанның 2026 жылғы Азия ойындарындағы үшінші күндегі нәтижесі
Қазақстан құрамасының қоржынында 6 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль бар
Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында 22 қыркүйекте жарыстың үшінші күні аяқталды. Қазақстан құрамасының қоржыны бір күнде төрт медальмен толықты: екі алтын және екі қола, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл күні басты жетістікке аралас жекпе-жек шеберлері қол жеткізді. Еркінғали Бүркіталин 77 келіге дейінгі (traditional) салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Финалда қазақстандық спортшы Бахрейн өкілі Мұхаммад Набиевті 3:0 есебімен жеңіп, Қазақстан қоржынына Азия ойындарындағы бесінші алтынды салды.
Артынша Қадырбек Шынбаев та Азия ойындарының чемпионы атанды. 71 келіге дейінгі (modern) салмақ дәрежесінің финалында ол Тәжікстан спортшысы Бехруз Хуршедзодамен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан құрамасы ММА жарыстарын екі алтын және бір қола медальмен аяқтады. Бір күн бұрын Санжар Әділов үшінші орын алған болатын.
22 қыркүйекте Қазақстанға тағы екі медальді каратэшілер әкелді. Бэлла Самашева 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Ол ширек финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Ку Цуйпинді жеңді. Жартылай финалда малайзиялық Адеоле Фэй Роберттен жеңілген. Ал үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте Өзбекстан спортшысы Севинч Рахимовадан басым түсті.
Қола жүлдеге Нұрқанат Әжікенов те ие болды. 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық ширек финалда ирандық Мортеза Нематиге жол бергенімен, жүлде үшін күресті жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Қола үшін жекпе-жекте ол Филиппин спортшысы Алвин Батиканды жеңді.
Семсерлесуден Қазақстанның екі спортшысы әйелдер арасындағы жеке семсер сайысында ширек финалға дейін жетті. Ирина Бакалдина 1/8 финалда Иордания спортшысы Дина Мансиді 15:7 есебімен жеңсе, Владислава Андреева Оңтүстік Корея өкілі Лим Тэхиден 15:13 есебімен басым түсті. Алайда ширек финалда қазақстандық спортшылардың екеуі де жарысты аяқтады. Ерлер арасындағы рапира сайысында Ғалым Нұрумов пен Тимофей Семенов 1/8 финалға дейін жетіп, жүлде үшін күресті тоқтатты.
Жүзуден Ксения Игнатова кезекті рет финалға жолдама алды. 200 метрге арқамен жүзуден іріктеу кезеңінде ол 2:14.29 нәтиже көрсетіп, жетінші орынмен финалға шықты. Жүлде үшін сайыста Игнатова уақытын 2:12.86-ға дейін жақсартып, алтыншы орынға ие болды.
Қазақстанның ерлер құрамасы 4×100 метрге кешенді жүзуден жүлдеге бір қадам қалғанда тоқтады. Іріктеу кезеңінде команда 3:38.65 нәтижесімен үшінші уақытты көрсетті. Финалда қазақстандықтар қашықтықты 3:36.00 уақытта жүзіп өтіп, төртінші орын алды. Алтынды Қытай, күмісті Жапония, қоланы Оңтүстік Корея спортшылары иеленді.
Қазақстанның әйелдер арасындағы спорттық гимнастика құрамасы Азия ойындарындағы өнерін аяқтады. Командалық іріктеу кезеңінде спортшылар 130,796 ұпай жинап, тоғызыншы орынға ие болды. Амели Мукушева жеке көпсайыста 18-орын алды. Жекелеген снарядтар бойынша ең үздік нәтижені Дарья Ясинская көрсетті. Ол тіреп секіруден іріктеу кезеңінде оныншы орынға тұрақтады. Қазақстандық гимнастшылардың ешқайсысы жекелеген снарядтар бойынша финалға өте алмады.
Топтық шосселік жарыста бұған дейін жеке уақытқа жарыста жеңіске жеткен Рината Сұлтанова сегізінші болып мәреге жетті. Елизавета Склярова 15-орын, Виолета Казакова 23-орын алды.
Оқ атуда Александра Ле мен Ислам Сатпаев 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен аралас жұптар сайысына қатысты. Қазақстандық жұп 629,1 ұпай жинап, іріктеу кезеңінде алтыншы орын алды. Финалға үздік төрт команда ғана өтті.
Үстел теннисінен Қазақстанның әйелдер құрамасы командалық жарыста өнер көрсетуін аяқтады. Ширек финалға шығу үшін өткен кездесуде қазақстандықтар Өзбекстан құрамасына 2:3 есебімен жол берді.
Ал ерлер командасы жарысты жалғастырды. Қазақстан топтық кезеңде үш рет жеңіске жетіп, плей-оффқа шықты. Кейін Бахрейн құрамасын жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Жағажай волейболынан Сергей Богату мен Кирилл Гурин де кезекті кездесуін сәтті өткізді. Е тобындағы екінші матчта олар Оңтүстік Кореяның Пэ Ин Хо және Е Мин Су жұбын 2:0 (21:10, 21:10) есебімен жеңді.
Қазақстанның әйелдер арасындағы су добынан құрамасы турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Таиландқа қарсы матчтың негізгі уақыты 10:10 есебімен аяқталды. Пенальти сериясында қазақстандықтар 4:3 есебімен басым түсіп, кездесуді 14:13 есебімен жеңді.
Үш жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 12 медаль бар: алты алтын, бір күміс және бес қола. ММА-дағы екі жеңістен кейін Қазақстан құрамасы жалпы медальдар кестесінде үшінші орынға көтерілді.
20 қыркүйекте өткен жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық спортшылар алты медаль, оның ішінде төрт алтын және екі қола жүлде жеңіп алды. Екінші күні құраманың қоржыны тағы екі медальмен толықты: бір күміс және бір қола.
Айта кетейік, Жапонияда өтіп жатқан құрлықтың басты спорттық додасына Қазақстан атынан спорттың 35 түрінен 558 спортшы қатысып жатыр. ХХ жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
Фото: ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті: Никита Басов, Арлан Олжабай, Нұрғали Жұмағазы, Владислав Семенов, Сали Сабиров.