Жоламан Бигабыл каратэден Азия ойындарының чемпионы атанды
Жоламан Бигабыл шешуші жекпе-жекте қарсыласын 9:1 есебімен жеңді
Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Жоламан Бигабыл Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Каратэден кумитэ бағдарламасы бойынша 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық спортшы Өзбекстан өкілі Х. Халимовпен кездесті. Жоламан Бигабыл шешуші жекпе-жекте қарсыласын 9:1 есебімен сенімді жеңіп, Азия ойындарының алтын медалін иеленді.
Бүгінде WKF каратэ Қазақстандағы бұқаралық спорт түрлерінің бірі саналады. Бұл спорт еліміздің 20 өңірінде дамытылып, онымен 77 мыңнан астам адам тұрақты түрде айналысады. Оның 25 мыңға жуығы – әйелдер.
Спортшыларды даярлау ісіне 600-ге жуық жаттықтырушы тартылған. Соның ішінде 140 маман ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Сондай-ақ елімізде жыл сайын Kazakhstan Open халықаралық турнирі өткізіледі. Бұл жарыс жасөспірімдер мен жастар (U21) арасындағы Азия және әлем чемпионаттарына спортшыларды іріктеудің ішкі рейтингтік турнирлерінің бірі саналады.
Жоламан Бигабылдың жеңісі қазақстандық каратэшілерді жүйелі даярлау мен еліміздің өңірлерінде осы спорт түрін дамыту бағытындағы жұмыстың нәтижесін тағы бір мәрте көрсетті.