«Астана» баскетбол клубы қызметін тоқтатады (ВИДЕО)

Бұл туралы ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин мәлімдеді

«Астана» баскетбол клубы қызметін тоқтатады (ВИДЕО)
Фото: astanabasket.kz

Соңғы жылдары «Астана» баскетбол клубының халықаралық және отандық турнирлердегі нәтижелері алға қойған міндеттер мен жанкүйерлердің үмітін ақтамады. Осыған байланысты елдегі баскетбол спортын дамыту тәсілдері қайта қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВТБ Бірыңғай лигасының өткен маусымының қорытындысы бойынша «Астана» баскетбол клубы соңғы 12-орынға тұрақтады. Команда 44 матчтың тек екеуінде ғана жеңіске жетіп, жеңіліс көрсеткіші 95 пайыздан асқан. Бұл – клубтың ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең нашар нәтиже. Сонымен қатар, команда соңғы сегіз жыл бойы аталған турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмаған.

«Ішкі аренада да «Астана» баскетбол клубы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алмады. Команда Қазақстан Кубогы жолындағы бәсекеде есе жіберіп, Ұлттық лиганың чемпиондық атағын да иелене алмады», - деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин.

Өткен жылы спорт саласын қаржыландырудың тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған еді. Заңның негізгі ережелері ұлттық құрама командаларды  дамытуға басымдық беріп, спорт резервін қалыптастыруға, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салуға бағытталған.

Қазіргі таңда отандық баскетбол спортын дамыту тәсілдерін қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Негізгі басымдық жастар командасын дамытуға, сапалы спорт резервін қалыптастыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі.