Александр Бублик Китцбюэльдегі турнирдің финалына шықты

Шешуші кездесуде Александр Бублик франциялық Кентен Алиспен кездеседі

Александр Бублик Китцбюэльдегі турнирдің финалына шықты
Фото: ҰОК

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Австрияда өтіп жатқан Generali Open турнирінің финалына жолдама алып, былтырғы чемпиондық титулын қорғауға жақындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жартылай финалда Бублик (ATP рейтингінде 11-орын) аргентиналық Томас Мартин Этчеверриді (31-орын) екі сетте сенімді түрде жеңді – 6:3, 6:4.

Кездесу 1 сағат 24 минутқа созылды. Қазақстандық теннисші қарсыласына бірде-бір брейк жасауға мүмкіндік бермей, әр сетте бір брейктен жасап, матчта басымдыққа ие болды. Кездесуде екі теннисші де 7 эйс жасаған. Сонымен қатар, қазақстандық спортшы 3 қос қателік жіберсе, қарсыласы 1 рет қателесті. Жалпы ұтып алған ұпайлар саны – 66:57.

Шешуші кездесуде Александр Бублик франциялық Кентен Алиспен (ATP рейтингінде 90-орын) кездеседі. Бұл матчтың қазақстандық теннисші үшін маңызы зор. Біріншіден, оған былтырғы чемпиондық ұпайларын қорғау қажет. Себебі финалда жеңіліс тапса, әлемдік рейтингте бірнеше сатыға төмендеуі мүмкін. Екіншіден, бұл – жуырда Гштаад турнирінде дәл осы қарсыласынан кеткен есені қайтаруға мүмкіндік.

Айта кетейік, Generali Open – 1894 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі турнир. Грунт төсенішінде өтетін ATP 250 санатындағы жарыстың жалпы жүлде қоры 612,5 мың еуроны құрайды.

Ал турнирдің алғашқы кезеңінде тағы бір қазақстандық теннисші Александр Шевченко (ATP рейтингінде 84-орын) германиялық Ян-Леннард Штруффқа есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады.