Азия чемпионаты: Қазақстанның үш еркін күрес шебері финалға жолдама алды
Бүгін, 5 шілде күні еліміздің атынан бес балуан боз кілемге көтерілген болатын
Таиландтың Паттайя қаласында боз кілем шеберлері арасында 20 жасқа дейінгі (U20) Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күнінде белдескен Қазақстан құрамасының үш өкілі қарсыластарын шаң қаптырып, финалға шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін, 5 шілде күні еліміздің атынан бес балуан боз кілемге көтерілген болатын. Жарыс қорытындысы бойынша олардың үшеуі бас жүлде – алтын медаль үшін күресетін болса, тағы екі спортшымыз қола жүлдені місе тұтуға мүмкіндік алды.
Қазақстандық балуандар халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетіп, бірден үш салмақта финалға жолдама алды. 61 келіге дейінгі салмақта Бекасыл Асамбек жартылай финалда ирандық Әлиасгар Солтаниді жеңіп, енді алтын медаль үшін Үндістан өкілі Пушппен белдеседі. 74 келіге дейінгі салмақта Нұрдаулет Сейілбеков үндістандық Адарш Патилден басым түсіп, финалда ирандық Мохаммад Мамивандпен кездеседі. Ал 92 келіге дейінгі салмақта Бейбарыс Ерғали өзбекстандық Ұлықбек Ортиковты жеңіп, шешуші белдесуде Түрікменстан спортшысы Довлетгельды Мурадовпен күш сынасады.
Жартылай финалда жеңіліс тапқан екі қазақстандық балуанның да жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар. 86 келіге дейінгі салмақта Асхаб Хаджиев ирандық Аболфазл Хадживандқа есе жіберіп, енді қола медаль үшін үндістандық Сахил Далалмен белдеседі. Ал 125 келіге дейінгі салмақта Риза Изахар жартылай финалда ирандық Аболфазл Мохаммаднежадтан жеңіліп, үшінші орын үшін моңғолиялық Наратулга Дармаабазармен күш сынасады.