Ақтөбеде Қорғаныс министрлігінің дзюдо орталығы ашылды
Салтанатты шараға мекеме басшылығы, өңір жетекшілері мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысты
Ақтөбе қаласындағы Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің алғашқы Дзюдо орталығы ашылды. Салтанатты шараға мекеме басшылығы, өңір жетекшілері мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Спорт комитетінің төрағасы – Орталық әскери спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов, сондай-ақ «Jenys» қорының негізін қалаушы Алмаз Әлсенов пен Халықаралық дзюдо федерациясының өкілдері қатысты.
Қорғаныс министрі бұл орталықтың ашылуы ҚР Қорғаныс министрлігі мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасындағы ынтымақтастық меморандумының нақты нәтижесі екенін атап өтті.
«Алғашқы Дзюдо орталығының ашылуы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен әскери қызметшілерді даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыруда жаңа кезең болмақ. Бұл – жобаны одан әрі кеңейтудің бастапқы нүктесі. Болашақта мұндай орталықтарды Қорғаныс министрлігінің барлық әскери жоғары оқу орындары мен колледждерінде ашуды жоспарлап отырмыз», – деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жиналғандарды құттықтап, бұл орталық өңірдегі дзюдо спортының дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Салтанатты шара барысында полковник Арман Әбеуов Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерге және «Jenys» қорының негізін қалаушы Алмаз Әлсеновке алғыс айтты. Қор әскери институтқа заманауи татамилерді, кимоно жиынтықтарын және қажетті спорттық құрал-жабдықтарды тегін (қайтарымсыз негізде) табыс еткен.
Сонымен қатар, Спорт комитетінің төрағасы әскердегі спорт саласын дамытуға бағытталған ауқымды реформалар мен жаңа бастамаларды таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстан Қарулы Күштерінің Дзюдо лигасын құру және әскери спорт жүйесіне Халықаралық дзюдо федерациясының, яғни IJF-тің білім беру бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр.
Бұл лига әскери бөлімдердің, әскери ЖОО-лар мен колледждердің командаларын бір арнаға тоғыстырмақ. Тұрақты жарыстар ұйымдастыру арқылы курсанттар мен сарбаздардың спорттық шеберлігі артып, республикалық және халықаралық додаларға ең мықты спортшыларды іріктейтін тиімді жүйе қалыптасады.