Қазақстан Азия кубогінде Аустралияны тізе бүктірді
Қазақстан құрамасы алғашқы матчта Аустралияны 3:2 есебімен жеңді
Қазақстан ерлер құрамасы волейболдан 2026 жылғы Азия кубогын сәтті бастап, топтық кезеңдегі алғашқы матчында Аустралия құрамасын жігерлі ойынның арқасында жеңді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Турнир Үндістанның Ахмедабад қаласында өтіп жатыр. Қазақстандық волейболшылар кездесудің алғашқы екі партиясында қарсыласына жол бергенімен, кейін ойын тізгінін өз қолына алып, матчты 3:2 есебімен өз пайдасына аяқтады (15:25, 21:25, 25:23, 26:24, 16:14).
Осы жеңістен кейін ұлттық құрама екі ұпай жинап, А тобында төртінші орынға жайғасты. Жартылай финал жолдамасы үшін Қазақстанмен қатар Үндістан, Бахрейн, Қытай Тайбэйі және Жаңа Зеландия құрамалары талас жүргізіп жатыр. Медаль үшін күресті жалғастыру үшін топтағы алғашқы екі орынның біріне тұрақтау қажет.
Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 23 маусым күні Қытай Тайбэйі командасына қарсы өткізеді.