Әлем чемпионатында күтпеген нәтиже: Бельгия мен Иран тең түсті
Екі құраманың да қоржынында екі турдан кейін екі ұпайдан бар
2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының G тобындағы екінші тур матчында Бельгия мен Иран құрамалары тең түсті. Инглвуд қаласындағы «Соу-Фай» стадионында өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі команда да бұл ойынға алғашқы турдағы тең нәтижеден кейін шыққан еді. Бұған дейін Бельгия құрамасы Египетпен 1:1 есебімен тең ойнаса, Иран Жаңа Зеландиямен 2:2 нәтижесін тіркеген болатын. Сондықтан бұл кездесудегі жеңіс кез келген құраманың топтағы жағдайын едәуір жақсартар еді.
Бельгиялықтар матчты белсенді бастап, шабуылдарды көбіне қаптал арқылы ұйымдастырды. Ойынның алғашқы минуттарында-ақ Ромелу Лукаку Алиреза Бейранвандпен қақтығысқаны үшін сары қағаз алды. Осы эпизодтан кейін ирандық қақпашыға дәрігерлердің көмегі қажет болды. Кейін Бейранванд бірнеше қауіпті сәтте командасын құтқарып қалды. Оның ішінде Кевин де Брюйне мен Максим де Кейпердің соққыларын тойтарды.
Иран құрамасының да бірінші таймда гол соғуға тамаша мүмкіндігі болды. 25-минутта Эхсан Хаджсафи айып добын сәтті орындап, Мехди Таремиге пас шығарды. Шабуылшы айып алаңында допты қабылдап, қақпаның төменгі бұрышына дәл бағыттаған еді. Алайда VAR жүйесі араласқаннан кейін шабуылшының офсайдта болғаны анықталып, гол есепке алынбады.
Үзілістен кейін де Бельгия допқа көбірек иелік еткенмен, басымдықты голға айналдыра алмады. Матчтың 66-минутында Руди Гарсияның командасы қиын жағдайға тап болды. Натан Нгой Таремиге қарсы ереже бұзғаны үшін қызыл қағаз алып, бельгиялықтарды бір ойыншыға кем қалдырды.
Кездесудің соңына қарай Иран құрамасы сан басымдығын пайдалануға тырысты. Алайда жеңіс голын соғудың сәті түспеді.
Екі турдан кейін Бельгия мен Иранның еншісінде екі ұпайдан бар. Соңғы турда бельгиялықтар Жаңа Зеландиямен кездессе, Иран құрамасы Египетпен ойнайды.