«Мырзабосынов жалақымды үш есе қысқартып тастады»: Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)
Асаубаева қазір әлемдік шахмат рейтингісінде бесінші орында тұр
Қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаева беделді Norway Chess турнирінде жеңіске жеткеннен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, ашық үндеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Спортшы бұл турнирде мерзімінен бұрын бірінші орын алғанын, алайда жарысқа дайындалу үшін өз қалтасынан ақша төлегенін айтты.
«Бүгін ең ірі турнирлердің бірі — Norway Chess аяқталды, мен мәреге бір тур қалғанда бірінші орынды жеңіп алдым. Осы маңызды жарыстың алдындағы оқу-жаттығу жиындарын өзімнің жеке жүлделік жарналарыма және ата-анамының ақшасына өткіздім. Бұл турнирде көмектескен секунданттар мен аналитиктерге әлі күнге дейін ақысын төлеген жоқпыз», - дейді Асаубаева.
Шахматшы өзінің әлемдегі ең мықты спортшылардың қатарында екенін еске салып өтті. Өзінің алдын ала дайындап алған үндеуінде ол бұрын спорт министрлігінен айына 1 млн теңге жалақы алатынын, бірақ, Ербол Мырзабосынов министр болып келгелі жалақысы үш есе қысқарып қалғанын мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда мен шахматшы әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бесінші орындамын. Мен бүкіл әлемді артқа тастадым, алдымда тек Қытай ғана тұр», - деді ол.
Мемлекет басшысына жолдаған үндеуінде Асаубаева спорт шенеуніктерімен өзара іс-қимыл жасаудағы проблемаларды да тілге тиек етіп, шахматтағы жетістіктер үшін берілетін сыйақы көлеміне назар аударды.
«Мен жылдан жылға қиындық көріп келемін, спорт министрлігімен жұмыс істеу уақыт өткен сайын қиындап барады. Спорт министрлігінен шахматтан әлем чемпионатындағы жеңіс үшін берілетін сыйақы 2 мың долларды құрайды, ал Олимпиада медалі үшін берілетін сыйақы - 250 мың доллар», - дейді шахматшы.
Сонымен қатар, спортшы шахматшыларды қолдаудың қазіргі жүйесі өте әлсіз екенін айтты.
«Президент мырза, сіздің айтуыңызша, мен елдің алтын қорына жатамын. Менің медальдарым орасан зор еңбекпен, денсаулықпен және төзімділікпен келеді. Барлық кедергілерге қарамастан, мен ел абыройын биік ұстап келемін», - дейді Асаубаева.
Шахматшы үндеудің толық мәтіні мен видеосын Қазақстан президентіне бағыттап, әлеуметтік желідегі жеке парақшасына салған.