Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде жеңіске жетті

Әйелдер құрамасы Канадаға қарсы ойында алға шықты

Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде жеңіске жетті
Фото: ktf.kz

Астанада өтіп жатқан Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан әйелдер құрамасы Канадаға қарсы ойында алға шықты. Жұптық сында Анна Данилина мен Жібек Құламбаева қарсыластарынан басым түсті,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Екінші ойын күнін ашқан жұптық бәсекеде жерлестеріміз Анна Данилина мен Жібек Құламбаева кортқа шықты. Канада құрамасының капитаны Мари-Ив Пеллетье күтпеген қадам жасап, бастапқы тізімдегі ойыншыларды Бьянка Андрееску мен Кайла Кроссқа ауыстырды.

Бұл әдіс басында қонақтарға пайдасын тигізгендей болды. Канадалықтар бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Ал Қазақстандық жұп есепті бірден 3:2-ге жеткізді. Тартысты өткен бірінші сетте Данилина мен Құламбаева шешуші соққы жасап, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Екінші айналымда әлемнің жұптық сындағы 7-ші ракеткасы Анна Данилина мен шеберлік танытқан Жібек Құламбаева қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Қатарынан төрт геймді еншісіне байлаған отандастарымыз сетті 6:1 есебімен аяқтады.

Енді кортқа Қазақстанның бірінші нөмірлі ойыншысы Юлия Путинцева шығады. Ол Канаданың үздігі Бьянка Андреескумен кездеседі. Егер бұл матчта Юлия жеңіске жетсе, Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын жеңісті тойлап, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады.

Айта кетейік, Қазақстан – Канада матчының жеңімпазы осы жылдың 22–27 қыркүйек аралығында Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне барады.