Азия чемпионаты: Айбек Оралбай жартылай финалға жолдама алды
Бұл жеңіс Айбекке кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті
Моңғолия астанасы Ұланбатырда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан қоржыны тағы бір жүлдемен толықпақ. Айбек Оралбай қарсыласын тізе бүктіріп, турнирдің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Айбек Оралбай ширек финалда өзбекстандық Арман Махановпен жұдырықтасты. Үш раундқа созылған тартысты бәсекеде төрешілердің шешімімен (4:1) отандасымыз жеңіске жетті. Бұл жеңіс Айбекке кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті.
Қазақстан құрамасының өзге де мүшелері жарысты сәтті жалғастыруда. Қазіргі уақытта жартылай финалға шыққан спортшылар:
- Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін);
- Валентина Хальзова (75 келіге дейін);
- Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін) – қарсыласы жекпе-жектен бас тартуына байланысты жарысты тікелей жартылай финалдан жалғастырады.
Еске сала кетейік, құрама сапында жарыс жолынан шығып қалған отандастарымыз да бар. Санжар Ташкенбай (50 келі) мен Лаура Есенкелді (65 келі) өз кездесулерінде есе жіберіп, Азия біріншілігін аяқтады.