Шерхан Қалмырзаға жаңа клуб қызығушылық танытты
«Тараз» футбол клубының директоры «Қайратқа» ресми ұсыныс жасалатынын айтты
«Тараз» футбол клубының директоры Дидар Сыдықбек U-19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қақпашысы Шерхан Қалмырзаны алғысы келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Клуб басшысы алдағы уақытта алматылық «Қайрат» клубына ресми ұсыныс жасалатынын айтты.
«Біз Шерхан Қалмырзаға қызығушылық танытып отырмыз. Ертең ұсыныс жасап, келіссөздерді бастаймыз. Ол – Жамбыл облысының тумасы», - деп атап өтті Дидар Сыдықбек.
18 жастағы Шерхан Қалмырза биыл Қазақстан футболындағы ең танымал жас ойыншылардың біріне айналды. Ол Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Қайрат» сапында «Спортинг» (1:4) пен «Реал Мадрид» (0:5) клубтарына қарсы матчтарда негізгі қақпашылардың жарақатына байланысты алаңға шығып, қақпаны қорғады.
Сонымен қатар Қалмырза 2025 жылы Қазақстанның жастар құрамасы (U-19) сапында Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде үш матч өткізді.
Айта кетері, өткен маусымда Бірінші лигада өнер көрсеткен «Тараз» клубы чемпионатты турнир кестесінің 8-орнында аяқтаған.