$ 502.57  591.68  6.42
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.12.2025, 10:50
Спорт

Қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы 10 спорт түрінен бақ сынайды

Дүбірлі додаға 35 қазақстандық спортшы қатысады деп болжанып отыр

Қысқы Олимпиадада Қазақстан құрамасы 10 спорт түрінен бақ сынайды
Фото: freepik.com

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстаннан кімдер баратынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылы 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-Д'Ампеццо қалаларында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 мыңға жуық спортшы қатыспақ. Барлығы 116 марапаттар жиынтығы ойнатылады.

«Ұлттық команда спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар. Болжамға сәйкес, ұлттық команданың құрамында 35-ке жуық спортшы болады деп күтілуде. 2022 жылы Пекинде өткен қысқы Олимпиадада еліміздің намысын 34 спортшы қорғаған. Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар, спортшыларымыз шорт-тректен 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды», - деді Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 6 ақпанда Милан қаласында өтеді, ал жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Министрдің айтуынша, ойындар бағдарламасы конькимен жүгіру және шаңғы жарысы спортшыларының өнер көрсетуімен басталады. Соңғы кезеңде тау шаңғысы бойынша жарыстар өтеді.

Серіктес жаңалықтары