Полиция жантүршігерлік апаттардан кейін жолдағы бақылауды күшейтті
Рейд 18-23 қараша аралығында өткізіледі
Қазақстанда жол апаттарының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Рейд 18-23 қараша аралығында өткізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігі ведомстволық сайтының мәліметінше іс-шараны қолға алуға адам өмірін қиған ауыр жол апаттары себеп болып отыр.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында:
- патрульдеу маршруттары мен полиция қызметкерлерінің саны барынша көбейтіледі;
- биыл адам өлімімен аяқталған жол апаттары 31% өскен. Сондықтан облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда рейдтік іс-шаралар үздіксіз ұйымдастырылады;
- жылдамдық режимін сақтау, басып озу және қарсы жолаққа шығу талаптарын бақылау күшейтілді;
- заңсыз тасымалдаушылар мен такси қызметіне қатысты тексерулер жандандырылды;
- елді мекендерде жаяу жүргіншілерді қағып кету жағдайларының алдын алу бойынша да қосымша шаралар қабылданады.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысында 17 қарашада Чапай-Жаңақала-Сайқын тас жолының 50-ші шақырымында Toyota Camry мен Volkswagen Sharan көліктері бетпе-бет соқтығысып, көліктердің бірі өртеніп кетті. Оқиға орнында сегіз адам қаза тапты. Минивэннің 53 жастағы жүргізушісі және 71, 65 және 63 жастағы әйел жолаушылар көз жұмды. Жеңіл көлікте 26 жастағы ер адам, 20 жастағы әйел жолаушы, 40 жастағы әйел және 37 жастағы ер адам қаза тапты.