Батыс Қазақстанда 8 адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тың ақпарат шықты
Қаза болған және жарақат алғандардың барлығы Батыс Қазақстан облысының тұрғыны екені белгілі болды
Жаңақалаға баратын жолда қаза тапқан сегіз адамның қанша жаста екені анықталды. Қаза болған және жарақат алғандардың барлығы – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» порталына сілтеме жасай отырып.
Тың мәлімет жарияланды
17 қарашада Чапай-Жаңақала-Сайқын тас жолының 50-ші шақырымында Toyota Camry мен Volkswagen Sharan көліктері бетпе-бет соқтығысып, көліктердің бірі өртеніп кетті.
«Оқиға орнында сегіз адам қаза тапты. Минивэннің 53 жастағы жүргізушісі және 71, 65 және 63 жастағы әйел жолаушылар көз жұмды. Жеңіл көлікте 26 жастағы ер адам, 20 жастағы әйел жолаушы, 40 жастағы әйел және 37 жастағы ер адам қаза тапты», - деп жазылған хабарламада.
Минивэндегі төрт жолаушы – 23 жастағы әйел, 24 жастағы ер адам, бір жасар бала және 13 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Жарақат алғандардың және қаза тапқандардың барлығы – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны.
Жолдың қарсы бетіне шығып кеткен
Айта кетері, Батыс Қазақстан облысындағы жантүршігерлік апат видеоға түсіп қалған. Қылмыстық іс қозғалды. Полиция жүргізушілердің бірі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен деген болжамды қарастырып отыр.