Жезқазғанда әкесін балағаттаған жігіт әр жұма күні сағат 19:00-21:00-де полицеймен сөйлесуге міндеттелді
Сот оған тағы бірнеше шектеу қойған
Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты әкесін балағаттаған жігіттің ісін қарап, оған бірнеше шектеу енгізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Іс материалдарына сәйкес, азамат Жезқазған қаласындағы үйінде масаң күйде тұрмыстық жанжал шығарып, әкесін балағаттаған. Сотта құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты», - деп хабарлайды сот.
Сот қаулысымен азамат 20 сағат қоғамдық жұмыс істейтін болды. Сонымен қатар, оған 6 ай бойы ішімдік ішуге толық тыйым салынды.
«Ерекше талап мерзімінде ол әр жұма күні сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін профилактикалық әңгімелесу үшін Жезқазған қаласының ПБ №7 учаскелік пунктіне келіп тұруға міндеттелді», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.