Қазақстанда енді цифрлық жазбаларды сотта ресми айғақ ретінде қолдануға болады
Цифрлық кодекс жобасына осындай норма енгізілген
Қазақстанның Цифрлық кодексі жобасында «цифрлық дәлел» ұғымы енгізіліп отыр. Яғни цифрлық деректерді сотта ресми айғақ ретінде пайдалануға болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілістің жалпы отырысында Цифрлық кодекс жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
«Алғаш рет «цифрлық дәлелдер» ұғымы енгізіліп отыр. Бұл оларды азаматтық құқықтық қатынастарда және сот процестерінде пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл — цифрлық жазбаларды, логоларды және транзакцияларды заңдық маңызы бар дереккөз ретінде тануға жасалған маңызды қадам», - дейді депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева.
Сонымен қатар, Кодексте цифрлық делдалдарды реттеудің негізгі тәсілдері айқындалған. Оларға еңбек платформалары, маркетплейстер, қызмет агрегаторлары және әкімшілік цифрлық сервистер жатады.