Денсаулық сақтау вице-министрі Түркиядан оралған Ербаян Мұхтардың жағдайы туралы айтты
Бір сапардың өзіне 50-60 млн теңге жұмсалады дейді шенеунік
Әскери борышын өткеру кезінде ауыр бас сүйек-ми жарақатын алған сарбаз Ербаян Мұхтар жуырда Ыстанбұлдан Астанаға оралды. Қазір жағдайы тұрақты, үйінде жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Вице-министр сарбаз кезекті реабилитациялық емнен кейін Түркиядан елге оралғанын растады. Айтуынша, қазір Ербаянның жағдайы тұрақты.
«Өкінішке қарай ол ауыр жарақат алған және біздің мамандардың бағалауынша реабилитациялық әлеуеті аз, бұл көрсеткішті үнемі қайта бағалау қажет. Ол жақында ғана Түркияның клиникасынан оралды, мен қазір сізге ол жақта қандай реабилитация алғанын толық айтып бере алмаймын. Біз оны үйіне жеткіздік», - дейді Мұратов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан өз азаматтарын шетелден санитарлық авиацияның жайлы ұшағымен әкелуге шамасы жетеді, жақын көршілердің көбінде мұндай мүмкіндік жоқ.
«Біз бір ғана ұшу сапарына шамамен 50–60 миллион теңге жұмсаймыз. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жолы сарбаздың емі мен сапарын ішінара өтей алды. Бұл жерде мәселе кеткен шығында емес, біз өз азаматтарымыз үшін бәрін жасауға дайынбыз. Мамандар мен сарапшылар пациентпен әрі қарай да жұмыс істейді, оның реабилитациялық әлеуеті мен мүмкіндіктерін қайта бағалайды, қандай бағытта, қалай жүргізілетіні шешіледі», - дейді Мұратов.